Қазақстанда 2026 жылғы 23 тамызда ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.
Жаңа өкілді органды қалыптастыруға бағытталған саяси науқан азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлауға дайындық жұмыстары басталып, барлық іс-шаралар бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта кандидаттарды ұсыну мен тіркеу тәртібі, сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдері және дауыс беру кезеңдері нақты айқындалған.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлауды заң талаптарына толық сәйкес, ашық, жария және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу – басты міндет.
Ал ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Құрылтай депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің күнтізбелік жоспары бекітілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құжатта партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу рәсімдері, сондай-ақ сайлау науқанының негізгі кезеңдері белгіленген.
ОСК мүшесі Әсел Жанәбілованың сөзінше, Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы жаңартылған Конституция мен сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер негізінде өтеді. Бұл нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын толық іске асыруға және сайлау үдерісін жетілдіруге бағытталған.
Сайлауалды үгіт жұмыстары 23 шілде сағат 18:00-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. Белгіленген мерзімнен тыс үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтарды сайлаушылар тізіміндегі жеке деректерін алдын ала тексеруге шақырды. Сайлаушылар тізімі тұрақты тіркелген мекенжай бойынша жасалады. Ал басқа өңірде болатын азаматтар алдын ала есептен шығару куәлігін рәсімдеп, өзге сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Сонымен қатар 7 тамыздан бастап әрбір азамат өз сайлау учаскесінде деректерін тексеріп, қажет болған жағдайда түзету енгізуге өтініш бере алады.
В Туркестане прошел традиционный республиканский конкурс «Үкілі домбыра», приуроченный к вступлению в силу новой Конституции
