Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан бас тартты

231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UjzbPrVddt9YngfGHvf1gdaZTIcUuFrN72a6ZUtJ.jpg

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан бас тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы WBO президенті Густаво Оливьери The Ring басылымына берген сұхбатында айтты. Спортшы екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын хабарлаған.  Оның мәліметінше, Әлімханұлының чемпиондық белбеуі уақытша чемпион мәртебесіне ие болған Ұлыбритания өкілі Дензел Бентлиге беріледі. Ал жақын уақытта WBO жаңа чемпионның міндетті қарсыласын анықтайды. Негізгі үміткерлердің бірі – кубалық Йонли Эрнандес.

Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулердің иегері болған. Кейін IBF ұйымы допингке қатысты жағдайдан кейін қазақстандық боксшыны чемпиондық атағынан айырып, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жарыстардан шеттеткен. WBO ұйымы да бір жылдық дисквалификация тағайындағанымен, чемпиондық белбеуді сақтап қалған еді. Енді қазақстандық былғары қолғап шебері WBO чемпиондық атағынан өз еркімен бас тартып, жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбековтің пікірінше, бұл шешім Жәнібек Әлімханұлының ауқымды жекпе-жектерге жол ашу ниетімен байланысты болуы мүмкін. Оның айтуынша, қазақстандық боксшының басты мақсаттарының бірі – мексикалық әлем чемпионы Сауль «Канело» Альвареспен кездесу.

Комментарии