Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды

139
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған айыптарды жариялады. Прокурордың айтуынша, айыптау актісі үш эпизодтан тұрады. Олар – адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу, жәбірленушіні қудалау (сталкинг) және адам өлтіру.

Мемлекеттік айыптау тарапының мәліметінше, Шерхан Аймахан мен Нұрай Серікбай 2025 жылдың шілде айында ортақ таныстарының тойында танысқан. Кейін олар әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың 4 қазанда Аймахан Нұрай тұрған жалдамалы пәтерге барып, оны өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеген. Кейін қызды көлігіне отырғызып, Алматыдан Шымкентке алып кеткен.

Прокуратураның мәліметінше, Нұрайдың туыстары кейін оны алып кетуге барғанымен, қызды бірден шығара алмаған. Кейін оқиға орнына полиция келіп, екі тарапты бөлімшеге жеткізген. Алайда тиісті тексеру материалдары тіркелмегені айтылды. Осы оқиғадан кейін Нұрай туыстарымен бірге үйіне қайтқан.

Айыптау тарапы бұл әрекеттерді Қылмыстық кодекстің адам ұрлау бабымен саралаған.

Прокурордың айтуынша, аталған оқиғадан кейін Аймахан Нұраймен қайта байланыс орнатуға бірнеше мәрте әрекет жасаған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол қызға ондаған рет телефон шалып, үйінің маңына барып күткен, әлеуметтік желі арқылы да ақпарат таратуға тырысқан.

Айыптау актісінде Нұрайдың бірнеше рет телефон нөмірін ауыстыруына қарамастан, сотталушының оны іздеуді тоқтатпағаны айтылған. Бұл эпизод бойынша оған Қылмыстық кодекстің қудалау (сталкинг) бабымен айып тағылған.

Прокуратураның мәліметінше, 2026 жылғы 10 қаңтарда Шерхан Аймахан Шымкенттегі Нұрай тұрған үйдің маңына алдын ала пышақ алып келген. Тергеу нұсқасына сәйкес, қыз кездесуден бас тартқаннан кейін күдікті оған бірнеше рет пышақ сұққан. Куәгерлердің араласуынан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен.

Нұрай Серікбай ауыр жарақаттан кейін 2026 жылы 11 қаңтарда көз жұмды.

Комментарии