Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысы қалай жүріп жатыр

147
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qXfKGju69ydI9F8iPHit6ISkE5uPdpTLOdkE5NUr.jpg

Жаңа Қарағанды – Жезқазған республикалық автожолының Жаңаарқадан Қарағанды бағытына қарай созылған учаскесінде құрылыс жұмыстарының дайындық кезеңі қарқынды жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар болашақ автожолдың негізін дайындау жұмыстарына кіріскен.

Жаңа республикалық маңызы бар автожолдың жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайды. Оның 122 шақырымы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді. II техникалық санатқа жататын екі жолақты жаңа трасса қолданыстағы жолмен қатар салынып жатыр және пайдалануға берілгеннен кейін қауіпсіздік пен сапаға қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес болады.

Бүгінде нысанда құрылыс жұмыстарының дайындық кезеңі жүргізілуде. Мердігерлер жекелеген учаскелерде құнарлы топырақ қабатын алып тастап, жол төсемінің негізін жоспарлау және нығыздау жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар геологиялық және геодезиялық іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бұған қоса, вахталық қалашықтар мен өндірістік базалар орналасатын алаңдар әзірленіп, құрылыс техникасын, жабдықтар мен мамандарды жұмылдыру жалғасуда.

Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Жобаның басты ерекшелігі – DBM моделінің қолданылуы. Бұл модельге сәйкес мердігер нысанның бүкіл өмірлік цикліне жауап береді: жобалау мен құрылыс жұмыстарынан бастап, жол пайдалануға берілгеннен кейінгі жеті жыл бойы оны күтіп-ұстауға дейін. Мұндай тәсіл құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруға, жобаның қымбаттауы мен мерзімінің кешігу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ жобаны тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңғырту Қазақстанның көлік инфрақұрылымы үшін стратегиялық маңызға ие. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа трасса еліміздің орталық, солтүстік және оңтүстік өңірлерін өзара байланыстыратын маңызды көлік дәлізіне айналады. Соның нәтижесінде жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, автожолдың өткізу қабілеті ұлғаяды, сондай-ақ тұрғындар мен жүк тасымалдаушылардың жол жүру уақыты едәуір қысқарады.

Автокөлік қозғалысын ашу жекелеген учаскелердің дайын болуына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ал жаңа Қарағанды – Жезқазған автожолының құрылысын толық аяқтау 2029 жылға жоспарланған.

Комментарии