Қазақстандық отбасыларды не алаңдатады? Ұлттық комиссия мүшесі негізгі мәселелерді атады

187
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/q9xCHaUnnMaDjFBM6NjsFx2eg2TwpVFKbchFL0I7.jpg

Қазақстанда соңғы бір жылда отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылды. Республика бойынша Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңейіп, бала құқықтарын қорғауға арналған жаңа құрылымдар ашылды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама күшейтіліп, демографиялық үдерістерді ғылыми тұрғыда зерттеуге бағытталған жаңа орталық жұмысын бастады.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында соңғы бір жылда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

160 Отбасын қолдау орталығы мыңдаған отбасыға көмек көрсетіп отыр

Спикердің айтуынша, Ұлттық комиссияның отбасы саясаты бағытындағы ең маңызды нәтижелерінің бірі – республика бойынша Отбасын қолдау орталықтарының ашылуы.

Бүгінде елімізде 160 орталық жұмыс істейді. Олар тек облыс орталықтарында ғана емес, аудан деңгейінде де халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

Бүгінгі таңда республика бойынша 160 Отбасын қолдау орталығы құрылды. Олар тек үлкен қалаларда ғана емес, аудандарда да ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтардың негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, – деді Нәзипа Шанаи.

Оның айтуынша, 2025 жылы іске қосылған орталықтарға бір жылдың ішінде 44,5 мың адам өз еркімен жүгінген.

Соның нәтижесінде 20 мыңнан астам отбасыға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал 15 мыңнан астам отбасы тұрақты бақылауға алынып, олардың мәселелері толық шешілгенге дейін орталық мамандарының сүйемелдеуімен жұмыс жүргізілуде.

Осы жылдың алғашқы бес айында тағы 24 мың отбасы консультация алып, 5 мың отбасыға арнайы жоспар бойынша қолдау көрсетіліп жатыр.

Өңірлерде бала құқықтарын қорғау басқармалары ашылды
Ұлттық комиссияның ұсынысымен биыл еліміздің барлық облыс орталығында бала құқықтарын қорғау басқармалары жұмысын бастады.

Бұған дейін республика бойынша Президент жанындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ғана болатын. Биыл Ұлттық комиссия көтерген мәселенің нәтижесінде әр облыс орталығында бала құқықтарын қорғау басқармалары ашылып, іске қосылды, – деді ол.

Қазақстандық отбасыларды қандай мәселелер алаңдатады?

Нәзипа Шанаидың айтуынша, бүгін де қазақстандық отбасылар үшін ең өзекті мәселелердің қатарында баспана, балабақша, сапалы білім беру және зейнет жасындағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері қалып отыр.

Бұл мәселелерді біз Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеулерінен көріп отырмыз. Сол зерттеулердің қорытындысы бойынша ұсыныстарымызды тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Әр мәселе бойынша жеке бағдарламалар іске асырылып жатыр, – деді Ұлттық комиссия мүшесі.

Оның айтуынша, Ұлттық комиссия бұл мәселелерді жеке-жеке емес, кешенді түрде шешуді ұсынады.

Демографиялық үдерістерді зерттейтін жаңа орталық жұмысын бастады

Спикердің сөзінше, Ұлттық комиссия көтерген маңызды бастамалардың бірі – демографиялық үдерістерді жүйелі зерттейтін арнайы орталықтың құрылуы.

Қазір бұл орталық Қазақстандағы алғашқы демографиялық үдерістер жөніндегі ұлттық баяндаманы әзірлеуге кіріскен.
Бізге демографиялық үдерістерді зерттейтін арнайы мекеме қажет екенін көтердік. Нәтижесінде биыл сондай орталық ашылды. Енді туылатын балалардың саны, олардың бірнеше жылдан кейін балабақшаға, мектепке баруы сияқты мәселелер ғылыми әрі экономикалық тұрғыдан жоспарланады, – деді Нәзипа Шанаи.

«133 әйел күйеуінің қолынан қаза тапты»

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне тоқталған Ұлттық комиссия мүшесі заңнаманы күшейтуге қоғамдағы ахуал себеп болғанын айтты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 133 әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапты. Бұл – 133 отбасының балалары жетім қалды деген сөз. Қоғам бұл мәселені өз ішінде шеше алмағандықтан, Ұлттық комиссия көтерген мәселе бойынша заңдарға өзгерістер енгізілді, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар бұрын зорлық көрген әйелдер мен балалар дағдарыс орталықтарына орналастырылса, қазіргі таңда мұндай жағдайда полиция зорлық көрсеткен адамды үйден шығару шараларын қолданады.

Сталкинг пен қыз алып қашуға қатысты жауапкершілік енгізілді
Заңнамалық өзгерістердің қатарында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшеюі, сталкингке қатысты қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі және қыз алып қашуға байланысты жауапкершіліктің заңмен бекітілуі де бар.

Тәуелсіздік тарихында алғаш рет сталкинг мәселесі бойынша қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сонымен қатар тұрмыс құруға мәжбүрлеу немесе алып қашу да әйелдің құқығын бұзу болып саналады және бұл мәселелер де заңмен реттелді, – деді спикер.

Сонымен бірге ол бұл бағыттағы басты мақсат заңдарды одан әрі күшейту емес, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру екенін атап өтті.

Біздің қоғам сондай деңгейге жетуі керек: адам адамға зорлық көрсету – құқық бұзу екенін бәрі түсінуі тиіс. Сондықтан ең маңыздысы – қоғамның мәдениетін, құқықтық санасын өзгерту, – деді Нәзипа Шанаи.
«Әлеуметтік көмек бәріне бірдей, қажеттілігіне қарай берілуі керек»
Көпбалалы және жас отбасыларды қолдау мәселесіне қатысты Ұлттық комиссия мүшесі бұл сұрақ бойынша өзінің жеке пікірін білдірді.

Қоғамды көпбалалы, аз балалы деп бөліп қараудың қажеті жоқ деп санаймын. Әлеуметтік көмек бәріне бірдей, қажеттілігі бар адамға берілуі керек. Сондықтан дәл қазір осы бағытта арнайы жаңа шаралар әзірленіп жатыр деп айта алмаймын, – деді ол.


«Баланы интернеттен толық қорғайтын бағдарлама жоқ»

Балалардың интернет қауіпсіздігіне тоқталған Нәзипа Шанаи биыл Ұлттық комиссия Meta компаниясының басшыларымен кездескенін айтты.

Оның айтуынша, компания балаларды қорғауға арналған 200-ден астам бағдарламаны таныстырған.

Біз олардың бәрін көрдік. Бірақ кездесудің соңында “осының бәрі нәтиже бере ме?” деп сұрадық. Олар “жоқ” деп жауап берді. Ең маңыздысы – ата-ана мен баланың арасындағы сенім деді. Мен бұл пікірмен толық келісемін, – деді спикер.

Оның пікірінше, қазіргі таңда интернеттен толық бас тарту мүмкін емес. Сондықтан балаларды әлеуметтік желіні білім алу, жұмыс істеу және дұрыс қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануға үйрету маңызды.
Сонымен қатар қоғамда 16 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік желілерге тіркеуге шектеу енгізу туралы ұсыныстар да көтеріліп жатқанын айтты.

Жастарға некеге дейін кеңес беру қолға алынды

Алдағы кезеңде Ұлттық комиссия отбасы институтын нығайтуға ерекше назар аудармақ.

Осыған байланысты Отбасын қолдау орталықтарының жанынан отбасын құруға ниетті жастарға арналған психологиялық, құқықтық және ұлттық құндылықтарға негізделген консультациялар ұйымдастырылып жатыр.

Бұл жұмыстарды қоғамдық ұйымдар, Аналар кеңесі, Әкелер одағы және АХАТ бөлімдерімен бірлесіп қолға алып жатырмыз, – деді Нәзипа Шанаи.

Спикердің айтуынша, демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін репродуктивтік денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Ұлттық комиссия үш жылдан бері репродуктивтік денсаулық апталықтарын өткізіп келеді. Жақында Жезқазғанда ерте жүктілік мәселесіне арналған республикалық семинар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар комиссия ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобаларды да іске асырып жатыр.

Бүгінгі заманның талабы – жасанды интеллектпен жұмыс істеу. Сондықтан біз ата-аналарды, әсіресе үйде отырған аналарды жасанды интеллектті қолдануға үйрету бағытындағы жобаларды іске қосып жатырмыз. Мақсат – ата-ананың білімі баласының білімінен кем болмауы, – деді Ұлттық комиссия мүшесі.

Нәзипа Шанаидың айтуынша, Ұлттық комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары 46 тармақтан тұрады.

Олардың қатарында балалар лагерлерінің лицензиялау талаптарының сақталуын бақылау, балаларға арналған тауарлар мен өнімдердің қауіпсіздігі, мектептегі тамақтану сапасы сияқты бағыттар бар.

Біздің жоспарымыз 46 тармақтан тұрады. Оның ішінде көптеген бағыт қаралған. Сондықтан дәл жыл соңына дейін қандай заң қабылданады немесе қандай нақты нәтиже болады деп айту қиын. Жыл аяқталғаннан кейін барлық жұмысқа қорытынды жасалады, – деп түйіндеді Нәзипа Шанаи.

Комментарии