Қазақстанға бәрі келе бере ме? Аймақтағы көшуге қолайлы елдер рейтингі жарияланды

164
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cHandJqI2iwPcE5PAsUPe5JRoPlvNe4H67edehIk.jpg

Қазақстан Global Relocation Index 2026 халықаралық рейтингінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Рейтингті жыл сайын Rumavi компаниясы жариялайды.

Зерттеу барысында әлемнің 192 елі мен аумағы 24 көрсеткіш бойынша бағаланған. Олар қаржылық жағдай мен салық жүйесі, өмір сүру сапасы мен денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ көшу және жаңа ортаға бейімделу мүмкіндіктері сияқты төрт негізгі санатқа біріктірілген. Нәтижесінде Қазақстан 62,9 балл жинап, жалпы рейтингте 192 елдің ішінде 77-орынға орналасты.

Ел ең жоғары көрсеткішті қаржылық жағдай бойынша тіркеді – 79 балл. Өмір сүру сапасы мен денсаулық сақтау, сондай-ақ қауіпсіздік пен тұрақтылық көрсеткіштері бойынша Қазақстан 60 баллдан жинаған. Ал көшу және бейімделу шарттары 51 баллмен ең төмен бағаланған. Орталық Азия елдері арасында Қазақстаннан кейін Өзбекстан (59,9 балл) мен Қырғызстан (59,3 балл) орналасқан. Одан кейін Тәжікстан (55,1 балл) мен Түрікменстан (52,3 балл) келеді.

Салыстырмалы түрде, Грузия 69,3 балл жинап, рейтингте 14-орынға тұрақтаған. Әзербайжан – 61,5, АҚШ – 60, Ресей – 58,9, ал Қытай 58,6 балл алған.

Әлемдік рейтингтің көшін 72,8 баллмен Эстония бастады. Зерттеу авторлары елдің жоғары көрсеткішіне дамыған банк жүйесі, қолайлы бизнес ортасы, тұрғын үйдің қолжетімділігі және жасыл аймақтардың көптігі әсер еткенін атап өткен. Ал рейтингтің соңғы сатысында 39,5 баллмен Ауғанстан тұр.

Сонымен қатар Rumavi мамандары отбасыларға, зейнеткерлерге, цифрлық көшпенділерге, кәсіпкерлерге және салықтық жүктемеге басымдық беретін азаматтарға арналған бес жеке рейтинг әзірлеген. Қазақстан бұл санаттардың барлығында да Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық орнын сақтап қалған.

Зерттеу авторлары Global Relocation Index рейтингі тәуелсіз жоба екенін хабарлады.

Комментарии