“Ұлы не қызы”. Баланың туу туралы куәлігін тіркеуде қате туындаған

254
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AlKd2kOd9q2t06M55CCQwwsyTKG2bMu5pLY1gocd.webp

Қазақстандық ата-ана баласының туу туралы куәлігін онлайн рәсімдеу кезінде аты-жөнін қалаған нұсқада тіркей алмаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әділет министрлігі түсіндіруінше, бала әкесінің атын құжатта «ұлы» немесе «қызы» формасында тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.

Алайда желідегі жұрттың айтуынша, кей жағдайда ақпараттық жүйе қажетті аты-жөнді тіркеуге мүмкіндік бермейді. Мәселен, бір қазақстандық әйел қызының әкесінің атын «қызы» формасымен рәсімдемек болған. Бірақ жүйе фамилиясы «-ева» жалғауымен аяқталатын жағдайда бұл нұсқаны қабылдамаған.

«Бұл заң бойынша тыйым салынған ба, әлде жүйеде ақау бар ма?» – деп сұрады ол әлеуметтік желіде.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстан заңнамасында азаматтың аты-жөні фамилиясы мен есімін қамтиды, ал әкесінің аты азаматтың қалауымен көрсетіледі.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес, баланың тегі ата-анасының тегіне қарай анықталады. Егер ата-ананың тегі әртүрлі болса, олардың келісімі бойынша балаға әкесінің немесе анасының тегі беріледі.

Сонымен қатар қазақ ұлтының өкілдері өз қалауы бойынша фамилиясы мен әкесінің атындағы «-ов», «-ев», «-ова», «-ева», «-ович», «-евич» және басқа да жалғаулардан бас тартып, олардың орнына «ұлы» және «қызы» нұсқаларын қолдана алады.

Яғни, «ұлы» және «қызы» формаларын қолдануға заң жүзінде рұқсат етілген. Ал онлайн рәсімдеу кезінде мұндай нұсқаның қабылданбауы ақпараттық жүйеге қатысты техникалық мәселе болуы мүмкін.

Комментарии