Павлодарда ұзақ жылдар бойы қазақтың көрнекті режиссері әрі актері Шәкен Аймановтың есімімен аталып келген кинотеатрдың маңдайшасы өзгеруі жұрттың ашуына тиді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеп.
Ғимаратқа жаңа «G Cinema Park» бренді орнатылған. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды.
«Шәкен Айманов кинотеатры» ұзақ уақыт бойы Павлодардағы мәдени орындардың бірі саналды. Тоқырау кезеңінде кинотеатр жұмысы тоқтап, ғимарат біраз уақыт пайдаланылмай тұрған. Кейін 2000-жылдардың басында оны жеке кәсіпкер сатып алып, қайта жөндеуден өткізіп, заманауи кинотеатр ретінде іске қосқан. Нысан 20 жылдан астам уақыт бойы «Ш.Айманов кинотеатры» атауымен жұмыс істеп келген.
ҚазАқпарат хабарлауынша, ғимарат «G Cinema Park» кинотеатрлар желісіне жалға берілген. Жаңа жалға алушы нысанның маңдайшасына өз брендін орналастырып, Шәкен Аймановтың есімін алып тастаған. Бұл шешім жергілікті қоғам өкілдерінің сынына ұшырады. Тұрғындар мен зиялы қауым өкілдері ұлттық өнерге еңбегі сіңген тұлғаның есімін мәдени нысаннан алып тастауға қарсылық білдіріп, атауды сақтап қалуды сұрап отыр.
Сонымен қатар ғимарат иесі – «ПРОМЕТ LTD» компаниясының басшысы Жеңіс Құнанбаев кинотеатрдың бұрынғы атауы заңды түрде тіркелмегенін хабарлады. Кәсіпкердің айтуынша, Шәкен Аймановтың есімін біржола алып тастау жоспарланбаған. Маңдайшадағы бұрынғы конструкцияның тозуына байланысты оны жаңарту қажет болған.
«Жаңа дизайнда жасалып, биылғы қыркүйек айының соңына дейін “G Cinema Park” атауының жанына “Шәкен Айманов” деген үлкен жазу қойылады. Бұған қоса кинотеатр ішінде ұлы кинорежиссерге арналған бұрыш ашылады», – деді Жеңіс Құнанбаев.
Қазіргі таңда Павлодардағы «G Cinema Park» кинотеатры толыққанды жұмысын әлі бастаған жоқ. Компания өкілдері нысан ресми түрде іске қосылғаннан кейін ғана мәселе бойынша түсініктеме беретінін жеткізді.
В Павлодаре стартовал Республиканский молодежный форум: акцент на рабочие профессии и будущее Казахстана
