«Әскери қылмыс». Иран АҚШ-тың танкерлерге жасаған соққысын айыптады

181
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/huYFnjsXTg19EWkAo5KjHMszTHm0bEs4dF2gIxlt.webp

Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранға тиесілі танкерлерге жасаған соққысын айыптады. Report агенттігінің IRIB-ке сілтеме жасап хабарлауынша, бұл туралы Иран СІМ мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды "Адырна".

«АҚШ-тың Иранға қарсы әскери агрессиясының жалғасы ретінде, теңіз блокадасы мен экономикалық соғыс аясында жасалған бұл заңсыз әрекеттер БҰҰ Жарғысының 2-бабының 4-тармағын өрескел заңбұзу, әскери қылмыс және халықаралық бейбітшілікке, сондай-ақ сауда кемелерінің қауіпсіздігіне ашық қатер болып табылады», — делінген Иран СІМ мәлімдемесінде.

Мәлімдемеде Иран өзінің егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғайтыны да атап өтілген.

«АҚШ-тың аймақтағы агрессиялық және интервенциялық әрекеттерін жалғастыруы салдарынан туындайтын барлық жауапкершілік АҚШ-қа, оның одақтастары мен серіктестеріне жүктеледі», – деп мәлімдеді Иран СІМ.

Еске сала кетейік, АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның үш танкеріне соққы берген. АҚШ тарапы бұл кемелерді Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының (ИИРСК) өңірдегі америкалық кемелерге шабуыл жасау әрекетімен байланыстырған.

Осыдан кейін Иран әскері Ормуз бұғазында белгіленген ережелерді бұзған кемелерге де шабуыл жасаған.

Комментарии