Түркістан облысында «WORLD CLEANUP DAY» аясында тау баурайында 4 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті

167
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OApjJPgpLZQwa30QWLFi5BNlbFjBJvpATlDPo0YO.jpg

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында  «WORLD CLEANUP DAY» – Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.

Негізгі іс-шара Қаратау жотасының етегінде орналасқан Ащысай елді мекенінде ұйымдастырылып, оған 4  мыңнан астам адам қатысып, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Сондай-ақ қоршаған ортаны абаттандыру және көгалдандыру мақсатында 100 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты қорғауға белсенді қатысуға шақыру.

Экоакцияға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, мемлекеттік қызметшілер, құзырлы орган өкілдері, жастар, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері және тазалыққа жауапты коммуналдық мекеменің қызметкерлері де  белсене атсалысты.

Облыс әкімі өз сөзінде тазалық мәдениетін қалыптастыру – бір күндік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.

– «Таза Қазақстан» – жай ғана сенбілік емес. Бұл – туған жерге жанашырлықтың, ортақ жауапкершіліктің және азаматтық мәдениеттің көрінісі. Әрбір тұрғын өз ауласына, өз көшесіне, өз ауылына жанашырлықпен қараса, өңіріміздің келбеті одан әрі көркейе түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мәні мен мұраты да осында жатыр.  Бұл – жай науқан емес, ұлттық сананы тәрбиелеуге, елдің ертеңін ойлауға негізделген көреген саясат. Түркістан – тарихы терең, түлегі дана, топырағықасиетті өңір. Осы өлкенің тазалығы, көркеюі мен абаттануы – баршамызға парыз. Қасиетті жерді қасиетті істермен ұлықтайық, – деді Нұралхан Көшеров.

Акция барысында тау бөктері мен қоғамдық аумақтар тазартылып, қоқыс шығарылды, сондай-ақ қоршаған ортаны көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 93 тонна қоқыс шығарылып, 72 гектар аумақ тазартылды. Айта кетсек, Түркістан облысы бойынша жалпыұлттық экологиялық акцияға 74 мыңға жуық адам қатысты.

Жалпы, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұған дейін өткен күзгі тазалық акцияларына 15 мыңнан астам адам қатысып, 779,8 тонна қоқыс шығарылып, 508 гектардан астам аумақ тазартылған болатын.

Комментарии