Бабалар ізі қалған мекен: Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі жаңарып, ел игілігіне берілді

5151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BoupPCIyPXzx4lHrsww2skkWMh4SLAFQ5RneIUk0.jpg

26 қыркүйекте Түркістан облысы Созақ ауданында толық жаңғыртудан өткен Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі салтанатты түрде ашылды. Елдің рухани тарихында ерекше орны бар қасиетті нысанды қалпына келтіру жобасын Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырды.

Жобаға 330 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл - биыл құрылғанына 10 жыл толған Halyk қорының мерейтой аясында жүзеге асырған игі бастамаларының бірі. Қор үшін тарихи-мәдени мұраны сақтау - өткенге тағзым етумен қатар, оны келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған маңызды міндеттердің бірі.

Жиын кесене тарихы мен оны қайта жаңғырту барысы туралы таныстырылымнан басталды. Одан кейін жаңартылған нысанның лентасы қиылып, қонақтар кесене аумағын аралады. Ауыл ақсақалдары елдің амандығын, ұрпақтың бірлігін тілеп, бата берді.

«Баба жатқан жерді қадірлеу - өткенді ғана құрметтеу емес, өз тамырыңды тану. Осындай орындар бүтін тұрса, елдің жады да бүтін болады. Бүгінгі істің берекесі артсын, бұл жерге келген әр адамның ниеті қабыл болсын, ел аман, жұрт тыныш болсын», – деп бата берді ауыл ақсақалдарының бірі.

Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі - Созақ өңірінің тарихымен біте қайнасқан қасиетті орындардың бірі. Кесененің алғашқы нысаны XVIII ғасырдың ортасында бой көтерген. Ал оның кейінгі сәулеттік келбеті XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан. Бүгінде Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аясында елдегі 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарына енген.

Halyk қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов тарихи мұраны сақтау тек өткенге тағзым ету емес, келешек алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті.

«Мұндай қасиетті орындардың қадірі оның қабырғасымен ғана өлшенбейді. Мұнда халықтың жады, елдің тарихы, бірнеше буынның тағдыры жатыр. Сондықтан біздің мақсатымыз кесенені жөндеп қана қою емес, оның тарихи болмысын сақтап, келер ұрпаққа лайық күйде жеткізу болды. Бүгін сол істің нәтижесін елмен бірге көріп отырмыз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Жоба аясында кесененің өзімен қатар айналасындағы инфрақұрылым да жаңартылды. Қонақүй, асхана және кесене қараушысының үйі жөнделіп, зияратшылар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасалды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесінің жаңғыруы – тарихи мұраға деген құрметтің көрінісі екенін атап өтті.
«Баба Түкті Шашты Әзіз – халқымыздың рухани жадында ерекше орны бар қасиетті тұлға. Осындай тарихи орындарды жаңғыртып, келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Бүгін қасиетті кесененің жаңарып, ел игілігіне берілуі – өткенімізге деген құрметтің, ұлттық құндылықтарымызға деген жанашырлықтың белгісі. Осы игі іске атсалысқан азаматтарға, қолдау көрсеткен Halyk қайырымдылық қорына алғысымды білдіремін», – деді Зауытбек Тұрысбекұлы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі кесенені 2026 жылғы ғылыми-реставрациялық жоспарға енгізген. Қалпына келтіру жұмыстары аккредиттелген компания әзірлеген және Түркістан облысының мәдениет басқармасымен келісілген құжаттама негізінде атқарылды.

Анықтама

2016 жылы Тимур және Динара Құлыбаевтар құрған Halyk қайырымдылық қорына биыл 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қор білім, спорт, мәдениет, экология және әлеуметтік қолдау бағыттарында 100 млрд. теңгеге 200-ден астам жобаны жүзеге асырды. Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесін жаңғырту қордың тарихи мұраны сақтауға бағытталған ірі жобаларының бірі.

Комментарии