Астана циркінің абыройын асқақтатқан Ләйлә Қашқынбаева

308
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LnVZDGlbbRA6WfuO5T2VsrbvVW16r4Nkaz0DyJRS.jpg

Цирк – ғажайып пен шынайы еңбектің тоғысқан жері. Аренадағы бірнеше минуттық көрініс көрерменге жеңіл әрі әсерлі болып көрінгенімен, оның артында талай сағаттық дайындық, тынымсыз ізденіс, кәсіби шеберлік пен үлкен жауапкершілік тұрады.

Әсіресе,  халықаралық цирк фестивальдерінде әр елдің үздік өнерпаздары бір сахнада бас қосып, өз өнерін ортаға салады. Мұндай байқауларда әрбір әртістің шеберлігі ғана емес, ұлттық цирк мектебінің деңгейі де сыналады. Осындай айтулы халықаралық өнер додаларының бірі – биыл қыркүйек айында Душанбе қаласында өткен «Әлем циркі жүректерді біріктіреді» атты алғашқы халықаралық цирк өнері фестивалі. 2026 жылғы 17–20 қыркүйек аралығында Тәжікстан мемлекеттік циркінде ұйымдастырылған фестивальге әлемнің бірнеше елінен цирк өнерпаздары қатысты. Фестиваль Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткізілді. Қазақстан, Ресей, Қытай, Вьетнам, Венгрия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Италия, Беларусь және басқа да елдердің өнерпаздары халықаралық аренада өнер көрсетті. Сол халықаралық аренада Қазақстанның, оның ішінде Елорда циркінің атынан өнер көрсеткен Ләйлә Қашқынбаева көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп,  екі бірдей арнайы жүлдеге ие болды. Бұл – бір ғана әртістің жетістігі емес. Бұл – қазақ цирк өнерінің халықаралық кеңістіктегі беделін танытатын шығармашылық нәтиже. Ләйлә Қашқынбаеваның фестивальде ұсынған нөмірі – пудельдермен дрессура өнері. Жануарлармен жұмыс істеу цирк өнеріндегі ең күрделі әрі ерекше бағыттардың бірі. Мұнда әртістің сахналық шеберлігімен бірге жануарлардың мінез-құлқын түсіну, олармен дұрыс қарым-қатынас орнату және ұзақ дайындық жүргізу маңызды. Көрермен аренада көңілді, сүйкімді пудельдерді көргенде, қойылымды жеңіл қабылдауы мүмкін. Алайда сахнадағы әрбір әрекеттің артында үлкен дайындық бары анық. Дрессура – әртістен шыдамдылықты, ұқыптылықты және тұрақты еңбекті қажет ететін өнер. Ләйлә Қашқынбаева дәл осы бағытта өз шеберлігін халықаралық сахнада көрсетіп, Астана циркінің атын танытты.

Душанбеде өткен фестивальдің қорытынды кешінде өнер иесіне Марфа және Сергей Расторгуевтар атындағы  «Якутский бриллиант» арнайы жүлдесі табысталды. Бұл жүлдені Якутия Республикасының Мемлекеттік циркі ұсынған. Ал екіншісі Тәжікстан Мемлекеттік циркінің арнайы жүлдесі берілді.   Халықаралық деңгейдегі осындай марапаттар – өнерпаздың еңбегіне берілген шығармашылық бағаның бірі.

Душанбе фестивалінің ерекшелігі – түрлі мемлекеттердің цирк өнерпаздарын бір арнаға жинауы. Фестивальге қатысушылар арасында әртүрлі цирк жанрлары ұсынылды. Әр ел өз мектебіне тән өнерін көрсетуге мүмкіндік алды. Осындай ортада Қазақстан атынан өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Өйткені халықаралық фестивальде көрермен алдында тек жеке әртіс емес, оның артында тұрған елдің өнері де көрінеді. Ләйлә Қашқынбаева үшін Душанбе манежі – өзінің кәсіби шеберлігін көрсету алаңы болды. Оның пудельдермен дайындаған нөмірі халықаралық көрерменнің назарын аударып, арнайы жүлдеге лайық деп танылды.Бұл жерде цирк өнерінің бір маңызды қасиеті байқалады: оның тілі – ортақ. Сөздің қажеті жоқ. Әртістің әрекеті, жануарлардың сахнадағы қимылы, музыка, ырғақ және көркемдік шешім көрерменмен тікелей байланыс орнатады. Сондықтан цирк – халықтарды жақындастыратын өнер.  Әртіс үшін көрермен алдына шығу – үлкен сын. Ал жануарлармен орындалатын нөмірде бұл жауапкершілік одан әрі арта түседі. Дрессура жанрында әртіс өзінің серіктесі – жануарлармен сахналық байланыс орнатады. Сондықтан бұл жерде кәсіби шеберлікпен қатар, өзара сенім мен түсіністік маңызды. Ләйлә Қашқынбаеваның Душанбе сахнасындағы өнері осы жанрдың ерекшелігін танытты. Пудельдермен жұмыс жасау – көрерменге көңілді әсер сыйлайтын нөмір ғана емес. Ол – әртістің жануарларды баптау, цирк  қойылымың ұйымдастыру және көркемдік шешімді бір арнаға тоғыстыру шеберлігін талап ететін жұмыс.

 Душанбе қаласында өткен «Әлем циркі жүректерді біріктіреді» фестивалі аяқталды. Бірақ өнерпаз үшін әр фестиваль – жаңа кезеңнің бастауы. Халықаралық сахнада өнер көрсеткен әртіс жаңа тәжірибе жинайды, өзге елдердің өнерпаздарымен шығармашылық байланыс орнатады, цирк өнеріндегі жаңа бағыттарды көреді. Мұның бәрі оның кәсіби дамуына ықпал етеді. Ләйлә Қашқынбаеваның алған арнайы жүлдесі де оның шығармашылық қоржынына қосылған маңызды жетістік. Ең бастысы – бұл марапат Астана циркінің көрерменіне қуаныш сыйлап қана қоймай, Қазақстан циркінің халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын танытуға қызмет етеді. Бір елдің сахнасында туған өнер екінші елдің көрерменіне жетіп, үшінші елдің өнерпазымен шығармашылық үндестік табуы мүмкін. Ләйлә Қашқынбаеваның Душанбе қаласында өткен «Әлем циркі жүректерді біріктіреді» халықаралық фестиваліндегі жетістігі – Астана циркі үшін елеулі шығармашылық оқиға.

  Пудельдермен орындалған дрессура нөмірі арқылы халықаралық сахнада өнер көрсетіп, «Якутский бриллиант» арнайы жүлдесін иеленуі – оның кәсіби еңбегінің нәтижесі. Бұл жетістік қазақ цирк өнерінің халықаралық аренада өз орнын қалыптастырып келе жатқанын көрсететін маңызды мысалдардың бірі. Астана циркінің әртісі ретінде Ләйлә Қашқынбаева көрерменге қуаныш сыйлайтын, цирк өнерінің ерекше тілін насихаттайтын өнерпаздардың қатарында. Душанбе төріндегі фестивальдің атауы «Әлем циркі жүректерді біріктіреді» деп аталды.

Шын мәнінде, цирк – адамдардың жүрегін біріктіретін өнер. Ал сол өнердің сахнасында Қазақстанның көк байрағын биік ұстап, Астана циркінің абыройын асқақтатқан әрбір өнерпаздың жетістігі – ел мәдениеті үшін қуанышты жаңалық. Ләйлә Қашқынбаеваның бұл жеңісі жаңа шығармашылық белестерді бағындыратынына сенеміз!

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы, «Астаналық цирк» КМҚК шығармашылық-әртістік бөлімнің басшысы

Комментарии
Другие материалы