Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оның қамауға алынуына санкция берген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу аясында қызметке салғырт қарады деген күдікпен Қазақстан қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан ұсталған.
«Әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында қызметке салғырт қарағаны үшін Қазақстан қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысын, бірінші дәрежелі капитанды ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады», – деп хабарлады ІІМ.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметін бұған дейін Қанат Ниязбеков атқарған. Жуырда Мемлекет басшысының өкімімен ол және Қорғаныс министрінің екі орынбасары қызметтерінен босатылған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметші Каспий теңізіне ағып кеткен. Олардың үшеуін құтқарушылар аман алып қалды. Ал қалған марқұмдардың денесі табылып, жерлеу рәсімі өткен.
