Алматы декларациясы Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікке жол ашты – Пашинян

229
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Gu0YV6MOXnxMVTE34LVonYgCsv4zljfyHbHsi203.webp

Фото: Report.az

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Алматы декларациясының Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілікті орнатуда маңызды рөл атқарғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Пашинянның сөзінше, 1991 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясы ТМД-ның негізгі құжаттарының бірі саналады. Оның қағидаттары Армения мен Әзербайжан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісінде де басшылыққа алынған.

Армения премьер-министрі 2024 жылы екі елдің мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі комиссияларының бірлескен қызметі туралы ережеге қол қойылып, оның ратификацияланғанын еске салды.

«Бұл ереже тәуелсіз Армения мен тәуелсіз Әзербайжан арасында жасалған алғашқы екіжақты заңды күші бар құжат болды. Онда екі елдің тиісті комиссиялары мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісінің негізгі қағидаты ретінде Алматы декларациясын басшылыққа алатыны бекітілген», – деді Никол Пашинян.

Премьер-министр екі ел арасында бейбітшілік орнағанын атап өтіп, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Оның айтуынша, Әзербайжан теміржолы армян жүктерін тасымалдауға бір жылға жуық уақыттан бері ашық.

Сонымен қатар, Пашинян «Трамп бағыты» (TRIPP) жобасының жүзеге асырылуы Армения мен Әзербайжан арасында тікелей теміржол қатынасын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, Алматы декларациясы 1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласында қабылданған. Құжат посткеңестік мемлекеттердің ТМД аясындағы ынтымақтастығының негізгі қағидаттарын айқындап, Кеңес Одағының ыдырауынан кейінгі жаңа саяси кезеңнің қалыптасуына негіз болды.

Комментарии