Ресейдің дата-орталықтардағы ақау Қазақстандағы Yandex Go жұмысына әсер етті ме?

205
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3tfZz9L47YBo8RX4kxn51vZDXocZbNp5fXLrEWI6.jpg

Фото: Depositphotos.com

Ресейде «Яндекс» компаниясының үш ірі деректер орталығына дрон шабуылы жасалып, олардың жұмысы бұзылғаны туралы ақпарат тарады. Осы оқиғадан кейін Қазақстандағы Yandex Go такси сервисінде де ақаулар байқалып, кейбір пайдаланушылар көлік шақыра алмаған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қолданушылардың айтуынша, қосымшада «бос көлік жоқ» деген хабарлама шығып, қызметке қол жеткізу қиындаған. Ресейдегі ықтимал техникалық ақаулардың Қазақстандағы сервиске қалай әсер еткені және екі елдің инфрақұрылымы арасындағы байланыстың деңгейі мәселесі назарға ілікті.

Қазақстан заңнамасы бойынша, белгілі бір талаптарға сәйкес азаматтардың дербес деректері ел аумағында сақталуы тиіс. 2023 жылдың желтоқсанында сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Яндекс» компаниясының серверлері Қазақстанға көшірілгенін және қызметтің осы инфрақұрылым арқылы жұмыс істейтінін мәлімдеген болатын.

Сол кезде министрлік азаматтардың деректерінің қауіпсіздігіне басымдық берілетінін атап өткен еді.

Бұған қоса, 2024 жылдың сәуірінде компания бұлтты қызметтерін Қарағандыдағы деректер орталығына орналастырғанын хабарлаған. Бұл шешім жергілікті пайдаланушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталғаны айтылған.

Алайда Ресейдегі дата-орталықтарға қатысты оқиғадан кейін Қазақстандағы Yandex Go сервисінде ақаулардың байқалуы жергілікті инфрақұрылымның қаншалықты дербес жұмыс істейтіні туралы сауалдарды қайта көтерді.

Threads желісінде қазақстандықтар Yandex Go қосымшасының ашылмайтынын немесе тапсырыс қабылдамайтынын жазып жатыр. Кейбір қолданушылар сервистің басқа қызметтері де істемей қалғанын хабарлады.

«Қазақстандағы Яндекске не болды? Ақылды үй жұмыс істемейді, қосымша ашылмайды, адамдар такси де шақыра алмай жатыр», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір қолданушы таңғы сағат 09:00-де іс-шараға баруы керек екенін айтып, таксиге тапсырыс бере алмай отырғанына шағымданған.

Yandex Go Kazakhstan техникалық ақау бар екенін растады.

«Қазір кей сервистерімізде техникалық мәселелер туындап, олардың жұмысы уақытша қиындауы мүмкін. Бұл жағдайдан хабардармыз. Мамандарымыз сервистер жұмысын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру үшін бар күшін салып жатыр», – делінген компания хабарламасында.

Компания қолайсыздық үшін кешірім сұрап, жағдайға қатысты жаңалықтарды ресми парақшаларында жариялайтынын жеткізді.

Комментарии