Алматыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттың жаңа филиалы ашылды

212
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dtoZJnaNE0CE60GrylU23FmLpoioQcbBPyIlL3GZ.jpg

Алматы қаласындағы Еңбек көшесі, 92 мекенжайында орналасқан №15 мектеп-интернаттың базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған №7 арнайы мектеп-интернатының филиалы жұмысын бастады.

Филиалдың ашылуы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тегін арнайы білім алуына қолжетімділікті кеңейтуге және олардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Атап айтқанда, жаңа филиал «Педагогтер академиясы» қоғамдық ұйымында білім алған балалардың оқуын жалғастырудың баламалы мүмкіндіктерінің бірі ретінде ұсынылды.


Бүгінгі таңда бұған дейін «Педагогтер академиясы» қоғамдық ұйымында білім алған 35 баланың оқуға қабылдау құжаттары қабылданды. Оның ішінде 23 бала жаңадан ашылған №7 арнайы мектеп-интернат филиалында, ал қалған 12 бала жеке білім беру қажеттіліктері мен мамандардың ұсынымдары ескеріле отырып, басқа арнайы білім беру ұйымдарында оқитын болады.
Бұл филиалда оқу процесін ұйымдастыруға, жеке және топтық түзету-дамыту сабақтарын өткізуге қажетті жағдайлар жасалған. Психолог және логопед кабинеттері, сенсорлық интеграция бөлмесі, бейімделген дене шынықтыру кабинеті, психологиялық сергіту бөлмелері жабдықталған. Сонымен қатар, жүзу бассейні қарастырылған.
Оқу-тәрбие процесін білікті педагогтер мен тиісті сала мамандары қамтамасыз етеді. Филиалда 1–4 сынып оқушылары үшін білім беру қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылған. Балалар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Оқу-тәрбие процесі бекітілген кестеге сәйкес сағат 08:30-дан 17:00-ге дейін жүргізіледі.
Үйде оқыту ұсынылған балалар үшін жеке сабақтарды ұйымдастыру мәселелері мамандардың тиісті қорытындылары негізінде және ата-аналармен келісе отырып қарастырылады.
Балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.


Алматы қаласының Білім басқармасы мемлекет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін оқытуға қажетті мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
Бұл ретте білім беру ұйымын таңдау баланың жеке қажеттіліктері, мамандардың ұсынымдары және қолданыстағы заңнама талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Басты басымдық – балалардың мүддесін қорғау, оқу процесінің үздіксіздігін сақтау және сапалы педагогикалық әрі түзету-дамыту көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Комментарии