Фото: Zakon.uz
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев су қоймаларының маңында демалыс аймақтарын ұйымдастыратын кәсіпкерлерге салықтық және кедендік жеңілдіктер енгізілетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай жобалар инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеп.
Су айдындарын пайдалану жолдары да талқыланған жиында қазіргі уақытта туристік қызметтер небәрі бес су қоймасында көрсетілетіні айтылды. Осындай жобаларды тағы 25 нысанда жүзеге асыруға болады.
Осыған байланысты билік кәсіпкерлерді қолдау шараларын енгізбек. Атап айтқанда, 2029 жылғы 1 қазанға дейін жер және мүлік салығының мөлшерлемелері екі есе төмендетіледі. Сондай-ақ елге GPS жабдықтарын, құтқару және қорғаныс құралдарын әкелу кезінде кедендік төлемдерді 120 күнге кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Су айдындары маңындағы жерлерді сатудан бюджетке түсетін қаражат сыртқы инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Демалыс аймақтарын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Туристік қызметтерді сертификаттау, кәсіпкерлерді кәсіби құтқару қызметтерімен келісімшарт жасауға міндеттеу, сондай-ақ бақылау мұнаралары мен су қоймаларының тереңдігін көрсететін белгілер орнату ұсынылды.
Мамандар су айдындары маңында жергілікті хабарлау жүйелерін, бейнебақылауды, сейсмологиялық жабдықтарды және цифрлық мониторинг құралдарын кеңінен қолдану қажет деп есептейді.
Салалық ведомстволар өкілдерінің Мирзиёевке баяндауынша, қазіргі уақытта 56 су қоймасының тек төртеуінде ғана толыққанды құтқару қызметтері жұмыс істейді. Президент бұл олқылықты жоюды тапсырды.
Сонымен қатар құтқарушы-сүңгуірлерді дуальды оқыту жүйесі арқылы даярлау, туристік нысандар қызметкерлеріне төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша курстар ұйымдастыру ұсынылды.
Мирзиёев жүйені жаңғырту кезіндегі басты басымдық адам өмірін сақтап қалу екенін атап өтті. Осыған байланысты «алтын минут» қағидасын тәжірибеге енгізу және құтқарушылардың төтенше жағдай орын алған жерге жету уақытын қысқарту міндеті қойылды. Атап айтқанда, қала ішінде бұл көрсеткішті 5–7 минутқа дейін, ал ірі елді мекендерден тыс жерлерде 15–20 минутқа дейін жеткізу көзделіп отыр.
Шенеуніктер мемлекет басшысына алдағы кезеңге арналған жоспарларын да таныстырды. Атап айтқанда, халқының саны 250 мыңнан асатын қалалар мен аудандардағы 25 өрт сөндіру-құтқару бөлімін заманауи техникамен жабдықтау, күрделі жағдайларда жұмыс істей алатын мамандандырылған «Мадад» орталығын құру, сондай-ақ авиациялық-құтқару бөлімшесі мен төтенше жағдайларды басқару жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарланған.
Бұдан бөлек, «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінің жұмысын жетілдіруге және азаматтардың өтініштерін өңдеу үдерісіне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді.
Опровержение Министерства обороны Республики Казахстан в связи с распространением недостоверной информации
