«Жұмсақ күш» саясаты Россотрудничество құзырына берілмек

142
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KIfPCVWXJedAaPX1h8KNiQR5wOqwy80rmNjTRaPC.jpg

Ресей үкіметі Мемлекеттік Думаға «Халықаралық дамуға жәрдемдесу туралы» арнайы заң жобасын ұсынды. Бұл туралы «Независимая газета» басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның мақсаты – мемлекеттік саясат пен мемлекеттік реттеудің жеке бір бағытын қалыптастыру. Заң жобасы жекелеген түзетулер жиынтығы емес, тұтас құжат ретінде әзірленген. Сондықтан онда көзделген жаңа бағыттың мазмұны айқын көрінеді. Сыртқы саясат ведомствосы жалпы басшылықты өз құзыретінде қалдырса, «жұмсақ күш» саясатын жүзеге асыру Россотрудничество міндетіне айналады. 

«Ал бұл саясаттың мазмұнына келсек, бұрыннан белгілі тәсілдердің арасынан жаңасын іздеудің орнына, кеңестік кезеңдегі атышулы «халықтық дипломатия» үлгісіне қайта оралу туралы шешім қабылданған сыңайлы. Кезінде оның сан түрлі тетіктері мемлекеттік қазына есебінен қаржыландырылған еді»,– делінген хабарламада.

Заң жобасына берілген түсіндірме жазбада тиісті мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы Ресей президентінің 2014 жылғы жарлығымен бекітілгені нақтыланған. Ал 2023 жылдың наурызында оған елеулі өзгерістер енгізілген. Сол құжатта бұл бағдарламаның 2022 жылдың қаңтарынан бастап жүзеге асырылып келе жатқаны айтылады.

«Ресей стратегиялық тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ қазіргі әлемдегі ықпалды орталықтардың бірі ретіндегі елдің позициясын нығайту және тартымдылығын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында халықаралық дамуға жәрдемдесу саласында белсенді әрі мақсатты саясат жүргізіп келеді», – делінген құжатта.

Бұдан әрі аталған бағытта қандай мәселелер туындағаны түсіндіріледі. Атап айтқанда, халықаралық дамуға жәрдемдесу жеке сала ретінде бөлінбегендіктен, бұл бағытта жұмыс істейтін түрлі мемлекеттік органдар мен құрылымдардың қызметін нақты ажырату қиынға соғып отыр. Соның салдарынан олардың жұмысының тиімділігін талдау және «жалпы Ресейдің халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі қызметін үйлестіру» күрделенген.

Заң жобасында халықаралық дамуға жәрдемдесудің 16 міндеті көрсетілген. Олардың арасында қазіргі кезең үшін өзекті мәселелер де бар. Мәселен, «көршілес мемлекеттермен тату көршілік қарым-қатынас орнату, олардың аумағындағы шиеленіс ошақтары мен қақтығыстарды жоюға, сондай-ақ бітімгерлік шараларын жүзеге асыру арқылы осындай жағдайлардың алдын алуға жәрдемдесу» міндеті қамтылған.

Айта кетерлігі, ТМД елдері мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық аясындағы экономикалық интеграцияны тереңдету туралы тұжырым тек міндеттер тізімінде ғана кездеседі. Ал халықаралық дамуға жәрдемдесу саласындағы мемлекеттік саясат серіктес мемлекеттерді және олардың белгілі бір мемлекеттік бағытты ұстану құқығын құрметтеу қағидаттарына негізделмек.

 

 

Комментарии