Каспийдегі апат. Теңізшілер қазасы ісін тергеу аяқталуға жақын

92
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SOSDhtpLGSakJC8eoLBAMORb8y4sUZM7TMNggWyk.jpg

Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуына байланысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазір іс бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі айтты.

Ведомствоның хабарлауынша, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу жүргізілген. Тергеу аясында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынған. Олардың қатарында Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.

Бас прокуратура мәліметінше, жақын арада тергеуді аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы ведомствоның ерекше бақылауында.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болған. Жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан теңізде 17 әскери қызметші қалып қойған. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.

Оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Президент әскердегі жүйелі мәселелерге назар аударып, әскери қызметшілердің қаза болуын офицерлердің, соның ішінде генералдардың кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауымен байланыстырды. 21 қазанда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформаның жоспары мақұлданды. Ал 24 қазанда қорғаныс министрлігі реформаны іске асыру жұмыстары басталғанын хабарлады.

Комментарии