Депутаттың қабылдауынан кейін зейнеткердің мәселесі шешілді

68
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5Zl8g4G8kgSUVHXsCxzsxbYqMBBXz0WtmGuwQTEs.jpg

13 қараша, Астана. ҚР Құрылтайының депутаты Алмат Әбдікешовтің қоғамдық қабылдауында Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Төңкеріс ауылының тұрғыны Файма Исина жеке мәселесімен жүгінді. Зейнеткердің өтініші кредиттік берешекті өтеу қиындығына және банк алдындағы міндеттемелерін қайта қарауға қатысты болды.

Ф. Исина сегіз жыл бұрын зейнеткерлікке шыққанымен, күнкөріс қамымен еңбек етуін жалғастырған. 15 жылдан астам уақыт бойы тұрып келе жатқан өз үйіне жөндеу жүргізу үшін 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Алғашқы екі жылда қаржылық міндеттемесін мінсіз орындап, ай сайын 163 мың теңгеден төлеп келген.

Алайда үш ай бұрын денсаулығы күрт сыр беріп, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Содан бері жалғыз табыс көзі – зейнетақысы. Оның өзі ай сайынғы несие төлемін өтеуге жетпейді. Атап айтқанда, зейнетақысы 137 мың теңгені құраса, банкке төлеуге тиіс ай сайынғы сомасы 162 мың теңге болған.

Зейнеткердің айтуынша, банкке қарызды қайта қарау туралы өтініш білдіргенімен, өтініші қанағаттандырылмаған. Керісінше, зейнетақысынтолықтай ұстап қалу, тіпті баспанасынан айырылу қаупі бар екені ескертілген.

- Үйімді 16 жыл бұрын өз қолыммен тұрғыздым. Мен үшін оның орны бөлек, әр кірпіші ыстық. Несиені төлеуден бас тартқан емеспін. Тек денсаулығым сыр беріп, жұмыссыз қалған соң, жағдайымды ескеріп, жеңілдік жасауды сұрадым. Алайда алатын зейнетақым несие төлеміне жетпейді. Енді қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмей қалдым, – деді зейнеткер.

Азаматтың өтінішін назарға алған депутат А. Әбдікешов мәселені оңтайлы шешу мақсатында тиісті жұмыс жүргізді.
Нәтижесінде банкпен келіссөздер ұйымдастырылып, зейнеткердің әлеуметтік жағдайы мен төлем қабілеті ескеріле отырып, оған қолайлы төлем кестесін бекіту жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар ай сайынғы несие төлемін зейнетақысының 50 пайызы көлемінде өтеу мәселесі келісілді. Бұдан бөлек, кредиттің негізгі қарызына есептелген пайыздарды алып тастау жөніндегі мәселе де оң шешімін тапты.

Осылайша, депутаттың араласуы арқылы зейнеткердің ұзақ уақыттан бері қордаланған мәселесі шешімін тапты. Ең бастысы, қаржылық қиындыққа тап болған кейуананың еңсесі тіктеліп, өз шаңырағын сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының қоғамдық қабылдауы – азаматтардың өтініш-тілегін тыңдап қана қоймай, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған маңызды алаң. Мұнда еліміздің кез келген азаматы өз өтінішімен жүгіне алады.

Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында Құрылтай депутаттары 400-ден астам азаматты жеке қабылдаған. Өтініштердің басым бөлігі баспана, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне қатысты болған

Комментарии