Ресейде архивке 772 мың доллар зарар келтірді деген ғалым сотталды

237
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Lu8MZdYsSYgGLy9YMDbZxam7m4eeOCUS7B7Mqtza.jpg

Фото: mediazona

Ресейдің Екатеринбург қаласында 69 жастағы ғалым-генеалог Юрий Коноваловқа қатысты сот үкімі шықты. Ленин аудандық соты оны Свердлов облысының мемлекеттік архивіне аса ірі көлемде мүліктік зиян келтірді деп танып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ғалым архивке 63,5 миллион рубль (шамамен 772 мың доллардан аса) материалдық шығын деп танылған сумманы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы «Медиазона» басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Юрий Коновалов 2016 жылдан 2025 жылға дейін XIX ғасырға тиесілі метрикалық кітаптардың цифрлық көшірмелерін заңсыз жасап, оларды интернетте ашық қолжетімді еткен. Аталған құжаттарда сол кезеңдегі адамдардың тууы, некеге тұруы және қайтыс болуы туралы мәліметтер сақталған. Мұндай тарихи деректер өз әулетінің шежіресін зерттегісі келетін азаматтар үшін маңызды саналады.

Мемлекеттік архив бұл құжаттарды ресми түрде ашық жарияламаған. Керісінше, отбасылық тарихын зерттеушілерге архив материалдарын ақылы негізде ұсынған. Сондықтан мекеме ғалымның әрекетінен қаржылық шығын келгенін алға тартқан.

Сотта келтірілген 63,5 миллион рубль көлеміндегі залал архивтің қызмет көрсету бағаларына сүйене отырып есептелген. Яғни бұл сома нақты ұрланған қаражат емес, мекеменің құжаттарға ақылы қолжетімділік ұсыну арқылы алуы мүмкін болған болжамды табысы — жіберіп алған пайда ретінде бағаланған.

Алайда Юрий Коновалов өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол архивке сыртқы дискжетек алып бармағанын, ал ноутбугын тек мәтін теру үшін пайдаланғанын мәлімдеген. Құқық қорғау органдары цифрланған метрикалық кітаптарды ғалымның үйіндегі компьютерінен тапқан.

Сонымен бірге интернетке тараған мыңнан астам файлдан тұратын архив пен Коноваловтың материалдарының арасында тек бірнеше ондаған құжаттың ғана сәйкес келгені айтылған.

Сот шешімі бойынша, ғалым екі жыл бойы бас бостандығын шектеу жазасын өтейді. Бұған қоса, Свердлов облысының мемлекеттік архивіне 63,5 миллион рубль төлеуі тиіс.

Комментарии