Алашордадан бұрынғы "Алашқа" 110 жыл толды

207
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/v24KV5rMimM6yZb4cjwG688WVFSYDXk6fHvMVrvK.webp

Фото: anatili.kazgazeta.kz

Биыл қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар «Алаш» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толып отыр. 1916 жылы Семей қаласында басылып шыққан басылым демократиялық-ағартушылық бағытты ұстанып, ұлттың қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды мәселелерді көтерді. Газет халықтың сауатын ашу мен ұлттық сананы қалыптастыруға үлес қосты.

Газет ерлі-зайыпты Көлбай және Мариям Төгісовтердің басшылығымен жарық көрді. Басылымның негізгі мақсаты – қазақ халқын білім мен ғылымға шақыру, ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқылау және жұртшылықтың қоғамдық көзқарасын қалыптастыру болды.

«Алаш» газетінің жұмысына сол кезеңдегі қазақ зиялылары белсене атсалысты. Олардың қатарында Нәзипа Құлжанова, Ғайнижамал Жанайдарова, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқа да ұлт қайраткерлері болды. Бұл тұлғалардың басылымға қатысуы газеттің мазмұндық және ағартушылық бағытта дамуына ықпал етті.

«Алаш» газетінде халықтың білім деңгейін көтеру, мәдениетті дамыту, елдің болашағы, қоғамдағы өзгерістер мен ұлт мүддесіне қатысты мәселелерге назар аударылды. Осылайша басылым қазақ қоғамындағы жаңашыл ойлардың таралуына және ұлттық баспасөздің қалыптасуына қызмет етті.

Алайда газет ұзақ уақыт жұмыс істей алмады. Барлығы шамамен 50 саны жарық көргеннен кейін, 1917 жылдың мамыр айында қаржы тапшылығына байланысты басылым өз жұмысын тоқтатты.

Қысқа мерзім ғана жарық көргеніне қарамастан, «Алаш» газеті қазақ журналистикасының тарихында маңызды із қалдырды. Оның төңірегіне ұлттың озық ойлы азаматтарының топтасуы сол кезеңдегі қазақ баспасөзінің қоғамдық рөлін айқындай түсті. Бүгінде бұл басылым ұлттық журналистиканың қалыптасу тарихын зерттеуде маңызды дереккөздердің бірі саналады.

Комментарии