Менің Оразақ ағайым! Әр экспедициясы – жеке хикая

115
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8D8m8vmwbaJVihvVj4q2sGJZwD6xwjw6BEF3C65E.jpg

Кешегі күн Оразақ ағай Смағұлов мына фәни, жалған дүниеден бақиға, мәңгілік өмірге аттанды. Әлеуметтің желілерде жұртпен бірге «Иманды болсын» деп қысқаша көңіл айтуға дәтім бармады.

Неде болса Алматыға бара көрермін деп тартып кетуге денсаулық жарамады. Бурабайдың күз екені, қыс екені түсініксіз, жаңбыры мен қары аралас ауа-райы еңсені басып, жазам дегенімді хатқа да түсіре алмадым. Соңғы жылдары Алматы алыстап, өзіміз де шау тартып, араласа қойған жоқпыз, ал Оразақ ағай туралы айтарым да, жазарым да көп еді. 

Шын мәнінде қазіргі замандағы ересек тарихшылардың ішінде Оразақ ағайды мендей білетін, мендей араласқан, мендей әңгімесін тыңдағаны жоқ болар. Менің балаларымның  «ол ата біздің үйде болды ғой» деп  маған көңіл айтып жатуына да сол себеп.

***

Оразақ ағайға көңіл айтқан халық оны «тұңғыш антрополог» т.б. деп жатыр, шын мәнінде ол кісі ұлы тарихшылардың бірі, тек тарихты зерттеу әдісі өзгелерден бөлек, өзгелерден күрделі, өзгелерден нақты  болатын. Антропология сан-салалы ғылым, ол адамтану, адам қоғамын, этносты тану ғылымы. Оразақ ағай этносты физикалық, яғни  нәсілдік белгілері арқылы зерттеді.  Тарихты тек жазба деректерге негіздеп жазу керек деген жеңілтек сөз бар, шын мәнінде жазба деректер ең субъективті, ең сенімсіз қайнар көз. Иә, жазба дерек оқиғаның уақытын, қатысушыларын нақтылауға керек, бірақ оқиғаның себеп-салдарын  ешқашан түсіндіріп бере алмайды. Осы себепті тарих этнографиясыз, антропологиясыз қараңғыда адасқан соқыр. 

Орекеңнің өзгеден мықтылығы да, жауларының көп болуы да оның нақты деректерінде болатын. Жаулары көптіктен  және заманы солай болғандықтан Оразақ ағай да жағаласа кетуге дайын тұратын. Бұл мінезді түсіну үшін сіз 1950 жылдардағы тарих ғылымындағы ахуалды білуіңіз керек. Бірнеше үлкен пікірталастардан  кейін таза ғалымдар қатары селдіреп, парттарихшылардың  тасасында қалды. Тіпті КПСС-тің академиялары да кандидат және доктор атақтарын бере бастады. Осындай жағдайда Қазақ тарихын Оразақ Смағұлов антропология әдістемесіне сүйене отырып жазды. Оның кандидаттық диссертациясына негіздеп жазған алғашқы монографиясы «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности»,  «История Казахстана с древнейших времен до наших дней» атауынан қандай айырмашылығы бар?! 

Оразақ ағай жастарға кешірімшіл болды, мүмкін жұрттың бәрімен бет жыртыспайын деді ме, әлде  адамның еті үйреніп кете ме, білмедім. Бірде Алматыға барғанда ағайдың Құрманғазы көшесіндегі подвалда орналасқан лабораториясында отырғанымда, ағайдан авторефератына пікір сұрап бір қыз келді. Тақырып этногенезге қатысты, батыстық терминдермен қырық қабат қылып орап тастаған дәмсіз бірдеме екен. Оразақ ағай «чем не понятнее – тем для тебя лучше, дерзай дальше» деп шығарып салды.

***

ҚарМУ-дің тарих факультетінде оқимыз. Аманжол Күзембайұлы ағамыз соның алдында этнографиялық практика өткізген және қамқорлық жасап жүретін.  Сол кісінің кеңесімен  1981 жылы емтихандарды ерте тапсырып мамырдың басында бірінші рет антропологиялық экспедицияға аттандым. Қарағанды, Жезқазған, Ұлытау, Торғай, Қобда, Жымпиты, одан Жайықтан өтіп Орал. Екі ай жүріп, Сайқынды айналып елге қайттық. 10 мың шақырым жүрген шығармыз. Көлігіміз – Газ 51, соның үстінде, лаборатория жәшіктерімен бірге жатамыз. Жолай қаншама ауылға соқтық, қаншама адамды зерттеуден өткіздік – есепсіз. Әсіресе, есімде қалғаны Жезқазған мен Торғай арасы, ой-шұңқыр, шаң-топырақ. Жұмыс күрделі. Антропологиялық  зерттеу бағыттарын:  антропометрия (соматология), қан жүйесі (серология), тіс (одонтология), алақан тері бедері (дерматоглифика), тіпті дәм сезу-бар.

Қайтар жолда қазіргідей қалтада смартфон, интернет жоқ, Ақтөбеге тоқтадық. Поштада Жолдасбек Құрманқұлов ағам жүр. Мортықта (Мартук) сармат қорғандарын қазып жатырмыз дейді. Мен қалатын болдым. Оразақ ағай Ақтөбеден 40 шақырым жердегі Елек бойындағы  Мир Қадырбаевтың экспедициялық лагеріне өзі әкеліп тастады.

***

Менің баяндағаным Оразақ ағайдың ғылыми өмірбаянындағы бір ғана эпизод. Оның тасасында  қаншама қызық-шыжық әңгімелер қалып барады. Өз тіршілігімен жүрген адамдардың арасында антропологиялық зерттеулер жасау қаншама қиын екенін сөзбен баяндау мүмкін емес.

Оразақ ағай үлкенмен де, кішімен де тіл табысатын керемет дипломат еді. Қолында өлшегіш құралдары, бір адамның басынан 25-30 цифр алып шығады, біз жанталасып жазып үлгермейміз.  Тәртіпке кішкене көнетін мектеп оқушыларын қамту  үшін мамырда шығуымызға да сол себеп.

***
Адамдардан босаған кешқұрым уақытта Оразақ ағай ұзақ сонар әңгімелер айтады. Өзінің ұстаздары (хирург Бөкейханов, антропологтар Герасимов, Дебец, Чебоксаров, Ошанин т.б.), шет елдерге барған ғылыми сапарлары, Қазақ Ғылым академиясының тарихы, Қаныш Сәтбаев және оның өзіне көрсеткен қамқорлығы, алғашқы экспедициялары туралы айта келіп  ашаршылық тақырыбына түсіп кетуші еді. Зерттеу жұмыстары палеоантропология бағытында болған ғой. Одан өзінің анасының ашаршылықтан қайтыс болғанын айтатын.

Кітаптарының тағдыры бір бөлек әңгіме. Әсіресе, дүкенге түскен бетте бірден қиылған «Этническая геногеография Казахстана» кітабы. 1977 жылы Алматыда «Наука» баспасынан шыққан бұл кітап қазіргі күні кімнің қолында бар? Кімде бар, сол Оразақ ағайдың сенген, немесе үміт күткен адамдары. Менде бар, жоғарғы шекесі кетілген.

Тұтқындалған кітаптың бір бөлігін  амалдап, таныс адамы арқылы спецхраннан алып шығыпты. Әдетте кітаптарын жазып беруші еді, бұл кітабына қолтаңба қоймады, мен үшін қауіптенгені болар. Кейін өз өзіме келген уақытта осы «Этническая геногеография Казахстана» кітабын қайта шығарайық дедім, өңдеу керек деп көнбеді. Содан кейін жарайды деп, «Алтай қазақтары: тарихи-антропологиялық зерттеу» (2003) кітабын шығаруға көмек жасадым.  Әр кітабы шыққанда балаша қуанушы еді. 

***

Оразақ ағайдың ғылым жолындағы адамдар туралы  «ғалымды бес жасар бала да алдайды» деген сөзі есте қалды. Рас қой, бірақ бала мінезділігіне қарамастан принциптеріне мықтылығына, ұлтшылдығына таң қалушы едім. Бір-екі мысал айтайын, Халел Арғынбаев ағай екеуі 1986 жылы Е.Букетов атындағы ҚарМУ-ге ҚазССР Ғылым академиясы атынан Ж.Артықбаевты аспирантураға жіберіңіз, орын бөлінді деп ресми хат жіберді. Ол кезде аспирантураға кезекті жылдап күтеді, таңқалмаған адам кемде-кем шығар.

Аспирантураға түскеннен кейін Желтоқсан оқиғасы болды, біраз уақыт ес жинай алмай, жоспарды қысқа қарай бекітетін болды. Институттың Ғылыми кеңесі  талқылау барысында диссертация құрылымынан  «Қазақ қоғамының рулық жүйесі» аталатын тарауды алып тастады. Бір жағынан түсінікті, Халел ағайға да, Оразақ ағайға да қарсы тас борап жатқан уақыт, сонда да ренжіп шықсам керек, сыртқы шыққан соң екі ағамның «Ештеңе етпейді, «флажоқтарды» керек жеріне қойып, жазып шығамыз» деп  көңілімді көтергені әлі есімде. «Флажоқ» деп марксизм-ленинизм классиктерінің цитаталарын айтып тұр. Заманға күйлемеген, иленбеген қайран менің ұстаздарым!

1981 жылғы экспедициядағы бір оқиға еске түсіп отыр. Жолдамыз, Орал облысы Чапаев ауданы орталығындағы асханаға тоқтай қалдық. Раздачада қазақ әйелі екен, гуляш па, соған ұқсас  бірдеме алдық. Сөйтсек шошқа етінен. Оразақ ағай ашуланып  «я еще не опустился до того,  чтобы есть свинину» деп лақтырып, аш қалпымызда шығып кеттік.

***

Оразақ ағайлың Тобыл өзені жағасында өткен балалық шақ әңгімелері өзгеше бір тақырып.  Шөлдегенде өзеннің табанына қарай сүңгіп,  таза судан ішеміз деп қояды. Судың иіріміне түсіп қалғанда  қалай құтылу керек екенін, өзінің басынан өткен оқиғалармен байланыстырып айтады.

Экспедицияда көл, өзен, бұлақ көрсе міндетті түрде тоқтайтын әдеті бар еді. Біра жағынан екі флягамызды толтырып аламыз, екінші жағынан ағай бастап суға түсеміз. Осы әдетін кейінге дейін жалғастырды. 2005 жылы болар, Оразақ ағайды  С.Торайғыров атындағы университетке мемлекеттік емтиханға төрелік етуге шақырып, бір күні Баянаулаға жол тарттық. Мамыр айының ортасы, Жасыбай көліне суға түстік. Одан әрі Торайғырға бардық, Сұлтанмахмұт кесенесінде Оразақ ағай дұға оқыды. Кесене ішінде өмірден жас кеткен ағаларымызды еске түсіріп, ұстаздың  күңірене шыққан жарықшақ дауысына елітіп көзіме жас келді.

Айта берсеңіз естелік көп, оның бәрін айтып, баяндап беру мүмкін емес. Оразақ ағайдың бірнеше экспедицияларына  қатыстым, әрбірі жеке әңгіме.

***

Ортамыздан бір ғасыр өмір сүрген ағамыз бақи сапарына аттанды. Алла тағала  жолын ашық,  нұрлы қылсын. Енді Оразақ ағайдың мәңгілік өмірі басталады, осыншама ауыр еңбек жасаған адамның бақилық жолы да  ұзақ, шапағаты да  мол  болатыны түсінікті. Оразақ ағай тәуелсіздікті қатты қадірлеуші еді, тәуелсіздік дегенің өте қымбат және нәзік шыны ваза ғой, оны байқамай құлатып алмаңыздар дейтін. Бұл бодандық заманды бастан өткерген, түлкі заманға бейімделмей өз адами қалпында қалған, содан сабақ алған  ұстаздың соңғы өсиеті. Осы өсиетке берік болайық достар, әріптестер!

Жамбыл Артықбаев

Комментарии
Другие материалы