АҚШ президенті Дональд Трамп Америка авиациясы Ирандағы Фордо, Натанз және Исфахан ядролық нысандарына соққы бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол 21 маусым күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Біз Ирандағы үш ядролық нысан — Фордо, Натанз және Исфаханға өте сәтті шабуылды аяқтадық. Барлық ұшақтар қазір Иран аумағынан тыс жерде», - деді АҚШ президенті.
«Басты нысан — Фордоға толық бомба қорымен соққы берілді. Барлық ұшақтар аман-есен үйге оралды. Ұлы америкалық сарбаздарымызды құттықтаймыз. Мұны жасай алатын басқа армия жоқ. Енді тыныштық уақыты туды!» - деп толықтырды ол.
Трамп Truth Social-дағы тағы бір жазбасында бұл оқиғаны Америка Құрама Штаттары, Израиль және бүкіл әлем үшін тарихи сәт деп атап өтті. Ол сондай-ақ: «Енді Иран бұл соғысты тоқтатуға келісуі тиіс», - деді.
Трамп әзірге нақты қандай бомбалар қолданылғанын айтқан жоқ. Ақ үй мен Пентагон операцияның егжей-тегжейін жарияламады.
Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи бұған дейін: «Кез келген америкалық араласу — бұл аймақтағы жаппай соғыс тудыруы мүмкін», - деп мәлімдеген болатын.
Бұған дейін АҚШ президенті Иранға қарсы әскери соққы беру жоспарын мақұлдаған болатын. Алайда нақты қашан жүзеге асырылатыны айтылмаған еді.