Қарағандыда ұлтаралық араздық қоздырды деген күдікпен 22 жастағы Алика Мұхамадиева қамауға алынды. Ол әлеуметтік желіде қазақтарды «мамбет», «қалбит», «қазақшасөйлешник» деп қорлаған. Бұл туралы Қарағанды полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Қарағанды облысының полиция департаменті әлеуметтік желілерді бақылау барысында әлеуметтік желі қолданушысы тарапынан ұлттық араздықты қоздыру фактісін анықтаған. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 174-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында 22 жастағы қарағандылық қыз «Theads» әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздық белгілері бар жазба жариялағаны анықталды. Тергеу органдары күдіктінің ел аумағынан шығып кетпек ниеті барын анықтап, оны қамауға алу туралы өтініш білдірді.
22 шілде күні Қарағанды қаласының тергеу соты аталған өтінішті қанағаттандырып, тергеу аяқталғанға дейін екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Еске салайық, күдікті Threads желісіндегі бір жазбаның астындағы пікірлерде қыз қазақтарды «мамбет», «қалбит», «қазақшасөйлешник» деп атаған, ал мұсылмандарды «шошқа» деп қорлаған болатын. Бұл пікірлер желіде бірден үлкен резонанс тудырып, ашуға булыққан қолданушылар оны ұлтараздық араздық қоздырғаны үшін жауапқа тартуға шақырды. Қызға қатысты полицияға арыз түсті.