25 шілде күні Алматы облысында жоғалып кеткен EC-145 әскери тікұшағы экипажы мүшелерінің туыстары президенттен, төтенше жағдай және қорғаныс министрлерінен іздеу операциясын жеке бақылауларына алуды сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Syrmedia сайтына сілтеме жасап.
“Жағдайға назар аударуыңызды сұраймыз. Экипаж мүшелерін туыстары күтіп отыр. Оларды тезірек құтқарады деп үміттенеміз” дейді туыстары.
Олардың сөзінше, бірінші күн Отар ауданында іздеу жұмыстары жүргізіліп, “бостан-босқа уақыт” жұмсалған. Нағыз іздеу бір күннен кейін ғана – Сорбұлақ қоймасы маңында басталған.
“Бәлкім, олар жарақаттанып, әлі күнге дейін көмекті күтіп жатқан болар. Қазір біз достары, туыстары мен еріктілер өз күшімізбен іздеп жатырмыз. Іздеу жұмысын күшейтіп, түнде техниканы қосуды сұраймыз. Әрбір минут қымбат” - дейді туыстары.
Ақпратқа сүйенсек, экипаж мүшелерінің аты-жөндері мынандай: Аман Амангелді, Бақтияр Ержігітов және Нұржігіт Үйсінбаев.
Еске сала кетейік, EC-145 тікұшағы 25 шілдеде радардан жоғалып кеткен еді. Тікұшақ Луговойдан ұшып шыққан. Отар аумағында онымен байланыс үзілген. Бұған дейін төтенше жағдай министрлігі әскери тікұшақтың бөлшектері Сорбұлақтан табылғанын хабарлаған болатын.