Сауда соғысы аяқтала ма? АҚШ пен Еуроодақ келісімге келді

2157
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zrygo1XDecgKyKxpty66AgiDA4li1ZMU96rTobdT.webp

АҚШ Еуроодақпен сауда келісімін жасады. Бұл туралы ел президенті Дональд Трамп Шотландияда Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейенмен өткен кездесуден кейін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Еуроодақ АҚШ-тан 750 миллиард долларға энергия ресурстарын сатып алуға, сондай-ақ АҚШ экономикасына қосымша 600 миллиард доллар инвестиция салуға келіскенін мәлімдеді. Одан бөлек, Брюссель қомақты қаржыға әскери техника сатып алмақ.

«Бұл келісім Еуроодаққа 1 тамыздан бастап енгізілуі мүмкін болған 30 пайыздық кеден салығынан құтылуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Брюссель америкалық экспортқа нарығын ашып, кеден салығын нөлге дейін төмендетеді»,—деді Трамп.

Келісім аясында АҚШ ЕО-дан келетін импорттың басым бөлігіне, соның ішінде автокөліктерге, 15% көлемінде кеден салығын енгізеді. Бұған дейін ЕО-дан АҚШ-қа жеткізілетін көліктер мен автобөлшектерге 25% салық салынатын.

АҚШ президенті бұл келісімді “ең ірі келісім” деп атады.

АҚШ-тың сауда министрі Говард Лютниктің айтуынша, ЕО-дан келетін жартылай өткізгіштер мен дәрі-дәрмектерге қатысты кеден салығы мәселесі екі апта ішінде шешіледі.

Еске салайық, бұған дейін Bloomberg агенттігі Еуроодақтың Вашингтон тарапынан енгізілуі мүмкін 30%-дық тарифтерге жауап ретінде АҚШ өнімдеріне 30% кедендік баж салығын салуға дайындалып жатқанын жазған еді.

Yorumlar
Diğer Haberler