Мәскеуде АҚШ президентінің арнайы өкілі мен Путин кездесті

1040
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/iEd3z8iDSakCMY6dCqwOcdzrHGjvwxJ2eoHMlNmD.jpg

Бүгін Мәскеуде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Ресей президенті Владимир Путин арасында кездесу өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Кездесу екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған. Болжам бойынша, әңгіме АҚШ президенті Дональд Трамптың Мәскеуге жолдаған ультиматумына қатысты болған. Алайда тараптар бұл кездесуге қатысты ешқандай ашық мәлімдеме жасамады.

Күні бойы Стив Уиткофф Мәскеуде Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы, президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен де келіссөздер жүргізді. Мемлекеттік БАҚ олардың Зарядье саябағында серуендеп жүрген видеосын жариялады.

Сол күні таңертең Дмитриев АҚШ-Ресей келіссөздеріне қатысушы ретінде Уиткоффты Внуково әуежайынан қарсы алған. Бұл сапар туралы бірнеше күн бұрын Дональд Трамп алдын ала хабарлаған болатын. Ол Ресей президентіне соғысты тоқтату бойынша шешім қабылдауға 10 күн мерзім бергенін айтып, Мәскеу Уиткоффпен кездескісі келеді деген еді.

«Олар оны кездесуге шақырды. Енді не болатынын көрерміз», - деген Трамп ультиматум мерзімі екі күннен кейін аяқталатынын еске салды.

Трамптың айтуынша, егер Ресей Украинадағы бейбіт келісімге келуден бас тартса, АҚШ жаңа санкциялар енгізеді. 

Ол АҚШ бұған дейін Үндістан мен Пәкістан, Камбоджа мен Таиланд, Конго мен Руанда арасындағы соғыстарды тоқтатуға көмектескенін еске салды.

Стив Уиткофф бұған дейін Ресейде 11 ақпанда, 13 наурызда, 11 сәуірде және 25 сәуірде келіссөздер жүргізген болатын. 31 шілдеде Трамп оның жаңа сапарын жария етті, бірақ нақты күнін атамаған еді.

Сондай-ақ 14 шілдеде Трамп НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен Ақ үйдегі кездесуде:

«50 күн ішінде (2 қыркүйекке дейін) Украина бойынша бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, Ресеймен сауда жасайтын елдерге 100 пайыздық кедендік баж салығы салынады», — деген еді. Бірақ 29 шілдеде бұл мерзімді 10 күнге дейін қысқартты.

Yorumlar
Diğer Haberler