Шымкенттегі қастандық ісі. Сот Берденовтің отырысқа қатысуын талап етті

950
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cEvvTInVlrm3EQwChNy6OHJpu1jakneBRYGFsDlE.jpg

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот оның жеке өзі немесе онлайн форматта отырысқа қатысуын талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Үшінші сот отырысы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтті. Судья Әбінұр Қарабаев жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбекке Берденовпен байланысып, оның офлайн не онлайн қатысу мүмкіндігін нақтылауды тапсырды. Егер ол мүмкін болмаса, сот тергеу барысында берілген айғақтардың видеожазбасын қарамақ.

Отырыста қорғаушылар оқиға орнын қарау хаттамасы мен екі куәгердің айғақтарын заңсыз деп тануды сұрады. Сонымен қатар, әкімдік ғимаратындағы бейнебақылау жазбалары мен тәркіленген айғақтар ұсынылды.

Сот жаңа куәгерлерді тыңдады. Олардың ішінде құрылыс басқармасының қызметкерлері, әкім орынбасарының көмекшісі, сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы инспекторы және айыпталушының досы бар. Куәгерлердің бірі айыпталушының мылтықты қай жерде тексергенін айтып берді.

18 тамызда тараптардың жарыссөзі өтіп, одан кейін судья үкім дайындауға кірісетіні күтілуде. Жәбірленуші тараптың өкілі Берденов денсаулығы мүмкіндік берген сәтте сотта сөз сөйлейтінін айтты.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 21 сәуірінде Шымкент әкімдігі ғимараты маңында Берденовке қастандық жасалып, ол оң жақ саны мен иығынан жарақат алған. Айыпталушы Ернар Жиенбай сотта оқ атуға жеке себептер итермелегенін, қылмыстың Берденовтің қызметіне қатысы жоқ екенін жеткізген.

Yorumlar
Diğer Haberler