Армения премьер-министрі Никол Пашинянның ұшағы шетелге сапар барысында Әзербайжан әуе кеңістігі арқылы ұшып өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы 6 қыркүйекте үкімет басшысының баспасөз хатшысы Назели Багдасарян хабарлады.
Оның айтуынша, рейс 30 тамызда Армениядан ұшып шығып, 6 қыркүйекке қараған түні елге қайта оралған.
«8 тамызда Вашингтонда бейбітшілік орнағаннан кейін Арменияның тиісті органдары Әзербайжаннан премьер-министр ұшағының әуе кеңістігі арқылы ұшуына рұқсат сұрады және оң жауап алды», — деді Багдасарян.
Ол бұл жағдайды «өңірдегі коммуникацияларды ашуға, бейбіт күн тәртібін ілгерілетуге және өзара сенім атмосферасын қалыптастыруға жасалған нақты қадам» деп атады.
Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниялары бұрыннан бері елдің негізгі аумағы мен Нахчыван автономиялық республикасы арасындағы байланысты Армения әуе кеңістігі арқылы қамтамасыз етіп келеді.