Непалдағы қайғылы оқиға – біз үшін алдын ала ескерту

3244
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KOdFulhmRDlcyukAzz6mvgkWUwN32eTroIRhCL4D.jpg

"Z" ұрпақты әлеуметтік желіден айыру кішкентай сәбиді емізіктен айырғанмен бірдей. Біз кеше мемлекет басшысының жолдауын көріп, артынан талқылап жатқанда Непалда жастар көшеде дүрлігіп жатты...

XXI ғасырда әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар тек қана қарым-қатынас құралы емес, ой еркіндігін білдірудің, билікке үн қатудың, қоғамдағы өзгерістерге ықпал етудің алаңы болып отыр.

Непал үкіметінің 26 әлеуметтік желіні бұғаттауына қарсы жастар көтерілісі – мұның айқын дәлелі.
Катмандудағы "Z ұрпақтың бүлігі" мыңдаған жас адамды алаңға шығарды. Олар «Әлеуметтік желіні жаппа, жемқорлықты жап!» деген ұранмен өз үкіметіне қарсы тұрды.

Нәтижесінде қанды қақтығыс болып, ондаған адам қаза тапты, жүздегені жараланды.  Бұл – мемлекет пен жастар арасындағы диалогтың жоқтығынан туған қайғылы жағдай.

Қазақстан үшін бұл оқиғадан алынатын сабақ көп.

Бүгінгі қазақстандық жастар – смартфон мен интернет дәуірінің балалары. Олар ақпаратты жылдам қабылдайды, әділдік пен ашықтықты талап етеді. 
Билікпен сөйлесудің негізгі арнасы да – әлеуметтік желілер. Егер бұл арна тарылса, жастардың көңілі толмайды, ал наразылықтың көшеге шығуы – заңды құбылыс.

Кез келген билік ақпаратты бақылауды қалайды. Бірақ қазіргі заманда бұл тәсіл жұмыс істемейді. Жасырылған ой басқа жолмен бәрібір шығады. 
Қай бір күні Қазақстанның өзге өңірін қайдам, оңтүстікте ютуб желісі ішінара шабандап, аз уақыт мүлдем жұмыс істемей қалғандай болды...
Жұмыс істеп жатқан өзге әлеуметтік желілерде ютуб жұмысындағы ақауды Г.Бажкенованың атышулы мәлімдемесімен байланыстырып жатты. 
Абырой болғанда шабандау ұзаққа созылмады...

Мемлекет басшысы кешегі жолдауында жастарға сенім мен құрмет көрсету турасында біраз тапсырма берді.  Ендігі мәселе - жолдауда айтылғандарды орындаушыларда...

Қазақстан үшін ең дұрыс жол – жастардың әлеуметтік алаңдағы үнін тыңдау, шынайы диалогқа шығу.

Сенім – репрессиядан күштірек құрал.

Қазақстан өзін құқықтық мемлекет ретінде танытып келеді. Бұл ұстанымның шынайылығы тек сот залында емес, көшеде де, әлеуметтік желілерде де сыналады. Егер билік бейбіт наразылыққа күшпен жауап берсе, ол өз-өзіне қарсы әрекет жасағанмен бірдей.

Непалдағы қайғылы оқиға – біз үшін алдын ала ескерту. Әлеуметтік желілерді жауып тастау немесе қатаң бақылауға алу қоғамды тыныштандырмайды, керісінше жарылысқа итермелейді. 

Ал егер Президентіміз айтқандай, мемлекет жастарды серіктес ретінде қабылдаса, олардың ашық пікірін тыңдаса, әлеуметтік желі қоғамды бөлетін емес, біріктіретін алаңға айналары анық...

Omir Shynybekuly

 

 

 

 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler