Иммиграциялық қызмет кеңсесіне жасалған үшінші шабуыл. АҚШ-та екі адам қаза тапты

1302
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JwDxHqvzkLco5MRYPIzSLTJEFBT0TrBKq0reYGOs.jpg

24 қыркүйек күні Далласта АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) өңірлік кеңсесіне шабуыл жасалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елдің ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәлімдеуінше, ер адам бір тұтқынды атып өлтіріп, екеуін жаралағаннан кейін өзін-өзі атып тастаған. Бастапқыда полиция екі адамның қаза тапқанын хабарлаған болатын.

Министрліктің дерегінше, шабуылшы көршілес ғимараттың шатырынан оқ атқан. ФБР басшысы Кэш Патель әлеуметтік желіде қылмыскерден табылған оқ-дәрілердің суретін жариялады. Оның бірінде «ANTI–ICE» деген жазу болған.

«Тергеу жалғасып жатыр, алайда алғашқы айғақтар бұл қылмыстың артында идеологиялық себеп бар екенін көрсетеді», — деді Патель.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Truth Social желісінде пікір білдіріп, мұндай қылмыстарға «солшыл радикалдарды» айыптады.

«Белгілі болғандай,  оқ атушы патрондарға «Anti-ICE» деп жазған. Бұл — жиіркенішті! ICE-тің батыл ерлері мен әйелдері тек өз жұмысын атқарып, елден ең қауіптілерді шығарып жіберуге тырысып жүр. Бірақ олар солшыл радикалдардың тарапынан бұрын-соңды болмаған қауіп-қатерге, зорлық-зомбылық пен шабуылдарға тап болып отыр», — деп жазды Трамп.

Президент сондай-ақ Антифа қозғалысын террористік ұйым деп жариялағанын еске салып, осы аптада АҚШ-тағы «барлық террористік желіні жою туралы» жарлыққа қол қоятынын айтты.

Полицияға Даллас қаласының солтүстік-батысындағы кеңседе атыс болғаны туралы хабар таңғы 6:40 шамасында түскен. Шабуылшы көрші ғимараттың шатырынан өлі күйінде табылған.

Бұл шабуыл — биыл Техаста ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарасты нысанда тіркелген үшінші оқиға. Шілдеде Прерилендегі ICE қамау орталығында бір полицей оққа ұшқан еді. Одан бөлек, 27 жастағы тұрғын АҚШ шекара қызметінің Мак-Аллендегі бекетіне оқ жаудырған.

Yorumlar
Diğer Haberler