Молдовадағы сайлау. Майя Сандудың партиясы жеңіске жетті, ресейшіл оппозиция ұтылды

1308
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pe7dzGJCutdZkqKEjxVVv9BW7GyC8oOL5CwStJ2z.jpg

Молдова парламентінде өткен сайлауда президент Майя Санду жетекшілік ететін проевропалық «Әрекет және ынтымақ» (PAS) партиясы жеңіске жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Алдын ала деректер бойынша, партия 50,14% дауыс жинап, 101 орынның 54-ін иеленген. Бұл өткен шақырылымдағы 61 орыннан аз болса да, партия жаңа парламентте негізгі күшке айналып отыр.

Сонымен қатар, тағы бір проевропалық саяси ұйым – «Альтернатива» блогы сегіз мандатқа ие болды. Ал ресейшіл «Патриоттық блок» 24,20% жинап, 27 депутаттық орынға қол жеткізді. Бұл блокқа бұрынғы президенттер Игорь Додон (Социалистер партиясы), Владимир Воронин (Коммунистер партиясы), сондай-ақ экс-премьер Василий Тарлев (2001–2008 жылдары басқарған) жетекшілік етеді.

Парламентке бұдан бөлек екі партия өтті: ұлттық-консерватор Василе Костюк басқаратын, Молдованы Румыниямен біріктіруді қолдайтын «Үйдегі демократия» және популист Ренато Усатый жетекшілік ететін «Біздің партия».

Сайлау науқаны кезінде билік пен оппозиция бір-бірін заңбұзушылықтар мен фальсификацияға дайындықпен айыптады. Дауыс беру қарсаңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген күдікпен бірнеше ондаған адам ұсталды. Сондай-ақ Ресейде жасырынып жүрген кәсіпкер Илан Шордың «сайлау желісі» арқылы пара беріп, мыңдаған сайлаушыны бақылауға алғаны туралы деректер жарияланды. BBC зерттеуінде бұл желінің Ресей қаржысына сүйеніп, дезинформация таратқаны айтылды.

Ал «Патриоттық блок» жетекшілері нәтижелермен келіспей, парламент алдында митингке шығуға шақырды. Жексенбі күні кешкісін Игорь Додон мен Василий Тарлев жақтастарымен бірге Орталық сайлау комиссиясы ғимараты алдында наразылық акциясын өткізді.

Yorumlar
Diğer Haberler