Әскерде комаға түскен Ербаян Түркияда екінші рет емделді

551
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SCYOgVCac10R2DKaV5E0B7tmDpGHg7OesAxvnMyh.jpg

Түркияда ем қабылдаған сарбаз Ербаян Мұхтар елге оралды. Бұл туралы заңгер Инга Иманбай өз Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Заңгердің айтуынша, Ербаянның қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер толық оңалуға уақыт қажет екенін атап өткен.

«Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде үш ай уақыт керек екенін айтты. Сол себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Ыстамбұлға барып, емнің реабилитациялық кезеңін жалғастырады», – деп жазды Иманбай.

Оның шетелде ем алуына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ұшу мәселесін ұйымдастыруға көмектескен генерал Қайрат Үмбетов қолдау көрсеткен.

Инга Иманбай бұл нәтижені Ербаянның отбасы мен қоғамның жанашырлығының, сондай-ақ жауапты органдардың бірлескен еңбегінің арқасы деп атап өтті:

«Екі рет шетелде ем алу – үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі. Жарақатының ауырлығына байланысты айтарлықтай өзгеріс бірден байқалмайды. Бұл – дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған сіздердің қолдауларыңыз ерекше күш беріп келеді», – дейді ол.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде бас-ми жарақатын алып, комаға түскен болатын. Денсаулық сақтау министрлігі оған азаматтық емханада емделуге рұқсат бергенімен, біраз уақыттан соң сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қоғамнан көмек сұрап, ем-домға қажетті қаражат жинау үшін шот ашқан.

Қоғамның қолдауы нәтижесінде 140 миллион теңге жиналып, Ербаянға Ыстамбұлда күрделі ота жасалды. Қазір ол елге оралып, емнің алғашқы кезеңін сәтті аяқтап отыр. Алдағы айларда оңалту терапиясын жалғастыру үшін Түркияға қайта оралуы жоспарлануда.

Yorumlar
Diğer Haberler