«Шындық ашылады». Трамп Эпштейннің құпия файлдарын жариялау туралы заңға қол қойды

944
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SmkheIFd4Qs2jwoziNcWPrh2yb1Vu8ciaFCec6RD.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейннің құпия файлдарын жариялауға бағытталған заң жобасына қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мен Эпштейнге қатысты құжаттарды жариялау туралы заңға қол қойдым. Бұл материалдардың жариялануы Эпштейннің 42-ші президент Билл Клинтонмен, бұрынғы қаржы министрі Ларри Саммерспен, LinkedIn негізін қалаушы әрі Демократиялық партияның демеушісі Рид Хоффманмен, Өкілдер палатасындағы демократиялық азшылықтың жетекшісі Хаким Джеффриспен және басқа да адамдармен байланыстары туралы шындықты ашады»,- деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Қол қою рәсімі 19 қараша күні Ақ үйде өтті. Дүйсенбіде өкілдер палатасы заң жобасын мақұлдап, кейін сенат оны жеделдетілген тәртіппен сырттай бекіткен болатын.

Жексенбіде республикалық конгрессмен Томас Масси Эпштейн файлдарының жарияланбаған бөлігінде кемінде 20 танымал адамның есімі бар екенін айтып, олардың қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін, бірақ әзірге тергеуге алынбағанын мәлімдеді. Тізімде саясаткерлер, миллиардерлер және кинопродюсерлер бар.

Бұған дейін конгресстегі демократтар Эпштейн архивінің бір бөлігін жариялаған еді. Алайда заң жобасына қол қойылғаннан кейін де кейбір ақпарат құпия болып қала береді. Олардың арасында зорлық құрбандарын әшкерелейтін мәліметтер немесе бала порнографиясына қатысты материалдар болады.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі тергеуге кедергі келтіретін материалдарды да жариялаудан алып тастауы мүмкін.

Қаржыгер Джеффри Эпштейн 2008 жылы кәмелетке толмаған қызды зорлағаны және жезөкшелікпен айналысуға арналған притонды ұйымдастырғаны үшін сотталған. 2019 жылдың жазында АҚШ-та қайта ұсталып, бірнеше жыныстық қылмысқа қатысты көптеген айып арқалады. Сол жылы тамызда 66 жастағы миллиардер сот шешімін күтпей, түрмеде өзіне қол салды. Оның серігі әрі сыбайласы, Ұлыбритания азаматшасы Гислейн Максвелл адамдарды жыныстық қанау мақсатында саудаға салуға көмектескені үшін 20 жылға сотталып, қазіргі кезде жазасын өтеп жатыр.

Yorumlar
Diğer Haberler