"Түрк", "Тәңірі"... Ежелгі түркі жазуы алғаш оқылған күн

799
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mCJtIKriVNDwvHwEYe4PLMfj7x9TIm2o2qeF4Gtg.jpg

25 қараша – көне түркі жазуының құпиясы ашылған тарихи күн.

1893 жылдың 25 қарашасы – түркология тарихында алтын әріппен жазылған дата. Дәл осы күні даниялық әйгілі лингвист, полиглот Вильгельм Томсен алғаш рет көне түркі жазуының кілтін тауып, Орхон–Енисей руника мәтіндерінің сырын ашты.

Бұл жаңалық Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде ресми жарияланды.

Томсен алғаш болып жазбалардан «Түрік», «Тәңірі» сөздерін оқып, руникалық мәтіндердің түркі халықтарына тиесілі екенін ғылыми түрде дәлелдеді. Сол сәттен бастап түркология ғылымының жаңа дәуірі басталды.

 ХХ ғасырда Томсен жұмыстарын түрік, қазақ, әзербайжан, өзбек және басқа да елдердің ғалымдары жалғастырды.

Ғылыми ортада Орхон жазбалары алғаш табылған кезеңде бұл мәтіндерді «руна жазуы» деп атаған. Себебі сыртқы тұрқы ежелгі скандинав руналарына ұқсайтын. Алайда Томсеннің зерттеулері бұл жазулардың түркілердің төл әліпбиі екенін нақты дәлелдеді.

Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштері – бүкіл түркі әлемінің мәдени-тарихи мұрасының ең құнды жәдігерлері.

Бүгінде Еуразия аумағында түркі бітік жазуымен 700-ден астам бітіктас, жартас жазуы және түрлі заттардағы мәтіндер тіркелген.

Қазақстандағы Халықаралық Түркі академиясының жанында көне мәтіндерді зерттеп, аударумен айналысатын «Түркология, алтаистика және моңғолтану» бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар Академия түркітануға айрықша үлес қосқан ғалымдарға арналған «Вильгельм Томсен» медалін тағайындаған. Бұл марапатты бүгінде салаға елеулі еңбек сіңірген 23 зерттеуші иеленген.

Yorumlar
Diğer Haberler