Жамбыл облысы Жуалы аудандық соты ер адамға қатысты 73-баптың 1-бөлімі (отбасылық тұрмыстық қатынастардағы ар-намысқа жат сөздер) бойынша істі қарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Сот материалдарына сәйкес, той мерекесінде күйеу өзінің әйелінен, әпкесіне дәстүр бойынша сәлем салуын сұраған. Әйелі бұл өтінішті орындамаған. Үйге қайтып келе жатқанда күйеуі әйелінің әрекетіне наразы болып, оны ар-намысқа жат сөздермен сөккен.
Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, әйелінен кешірім сұрап, тараптар арасындағы татуластыру рәсіміне сәйкес істі тоқтатуын сұраған.
Сот шешімі бойынша іс медиативтік тәртіппен тараптар татуласуына байланысты тоқтатылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.