Ресей қазақстандық БАҚ-қа тағы да қысым жасады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Q57lMKcJna4iICyCyJGl6tf42YuwtnIsp4cpU0Bm.jpg

17 наурызда "Уральская неделя" басылымы Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар мен бұқаралық коммуникациялар саласын қадағалайтын "Роскомнадзор" мемлекеттік мекемесінен ескерту хат алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Хатта сайттан өткен жылы жарияланған Украинадағы бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар туралы материалды өшіру талап етілген. 

Оралдық басылым The Moscow Times онлайн-газетінен көшіріп басқан мақалада 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен "ұзақ және өте өнімді" әңгімелескеннен бері Ресей Украинаға 3000-нан астам дрон мен кемінде 35 зымыран атқылағаны жөнінде Украина әуе күштерінің дерегі келтірілген еді. Бұған қоса украин шенеуніктерінің мәліметіне сүйенген америкалық CNN телеарнасының есебінше, 75-тен астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 300-ге жуық адам жараланған деп жазылған.

Роскомнадзор бұл жарияланымды 
 "шынайы хабар атын жамылып, қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін" және "Ресейдегі әлеуметтік-саяси жағдайды шайқалтуды көздеген жалған ақпарат тарату" деп бағалаған. Бұл контент Ресейдің "Ақпарат, ақпараттық технологиялар және ақпаратты қорғау туралы" заңын бұзды деген "Роскомнадзор" қазақстандық басылымнан интернет ресурсынан мақаланы 24 сағаттың ішінде алып тастауды талап еткен. 

«Уральская неделя» бас редакторы Тамара Есләмова бұл жағдайды абсурд деп бағалады.

«Өз халқын еркіндігінен айырып, темір перденің арғы жағына қайтадан тығып жатқаны аздай, онысын өзгелерге де таңуға тыраштанған мемлекеттің ақылынан адасқан мемлекеттік органының қылығы. Олар бізді өзіне қосып алдық деп ойлай ма екен? Біз құдды солардың азаматындай, солардың бұқаралық ақпарат құралындай хат жолдапты»,-деді журналист. 

"Роскомнадзор" биыл ақпан айында қазақстандық ҚазТАГ ақпарат агенттігі сайтын бұғаттауды талап еткен хатын да сол сайт орналасқан серверлерді қамтамасыз ететін "PS интернет компаниясына" жіберген еді. ҚазТАГ мәліметінше, "Роскомнадзор" талабына 2026 жылғы 20 қаңтарда Мәскеу қалалық соты қабылдаған шешім негіз болған. Ресей тарабы ҚазТАГ басшылығы, олардың адвокаттары және Freedom Finance қаржы ұйымы салымшылары қатысқан баспасөз жиындарынан түсірілген видеолар мен көпшілік алдындағы мәлімдемелерді және өзге материалдарды автор құқығын бұзу деп бағалаған. ҚазТАГ Ресейдегі сот туралы алдын ала хабардар етілмегенін айтқан. Агенттік ол жайында 3-4 ақпан күндері сайттың уақытша ашылмай қалуының себебін бірқатар қазақстандық интернет-провайдерлерден анықтаған кезде кездейсоқ білген. Ол жолы "PS интернет компаниясы" өкілдері ресейліктердің талабына қарамастан ҚазТАГ сайтын бұғаттамағанын айтқан еді.

17 наурызда "Роскомнадзор" оралдық "Уральская неделя" газетімен бірге қазақстандық тағы бір ақпарат құралы – Exclusive.kz онлайн-басылымына да ескерту хат жіберген. Оған да Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысына қатысты жарияланған контент ілік болған.

Exclusive.kz редакциясы кейінгі жылдары "Роскомнадзор" мекемесінен Украинадағы соғыс тақырыбына жариялаған материалдарға қатысты бірнеше рет ескерту хат алғанын жазды.

Yorumlar
Diğer Haberler