Актриса жаны

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Usm6l7Nh35K6q5yvsRQvlBOrsCDThv9oawArmnlU.jpg

ҚР халық әртісі Б.Римова: «Өнердегі шындық – актрисаның жанынан басталады.»-дейді. Шынымен де, актрисанның жаны-рөлдің шынайылығын, болмысын ашады.

Осындай қасиет Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының актрисасы Замира Сапардың бойында бар. Замираның еңбек жолы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрынан басталды. Қазақ театр өнерінің киелі қара шаңырағында актриса қызметінде жүргенде ұлағатты ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Асхат Максимұлы Маемировтің шақыртуымен Астана қаласына жаңадан шымылдығы ашылып жатқан «Astana Musical» театрына келеді. Елордадағы аталмыш жас өнер шаңырағының тұсауы  Ә.Бағдаттың «Достар серті» мюзиклімен кесілді. Аталған мюзиклде Замира-Әсем бейнесін кескіндеді. Замира-Әсем – мейірімді, адал, достыққа берік жан. Оның мінезінде шынайылық пен тазалық басым. Ол тек сыртқы сұлулығымен емес, жан дүниесінің байлығымен ерекшеленеді. Әсем үшін достық – жай сөз емес, ол өмірлік ұстаным. Мюзикл барысында Әсем түрлі сынақтардан өтеді. Ол достық пен махаббат арасында таңдау жасауға мәжбүр болатын сәттерге тап болады. Осы арқылы кейіпкердің ішкі қақтығысы ашылып, оның рухани өсуі байқалады.   «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі-көрермендердің жүрегіне жол тапқан қойылымдардың бірі болды. Әсіресе, жастар қауымы ерекше сүйсіне көретін. Аталмыш шығармада Қыз Жібекті Замира Сапар кескіндесе, Төлегенді-Саламат Мұқашев бейнеледі. Саламат Мұқашев сомдаған Төлеген мен Замира Сапар кескіндейтін Қыз Жібек – махаббат пен еркіндік идеясының символдары. Саламат-Төлеген- тек ғашық жігіт емес, ол өз таңдауына жауап беретін тұлға болып кескінделді. Замира Сапар Жібек бейнесін лирикалық әрі терең психологиялық деңгейде ашады. Оның орындауында Жібек тек ару емес, өз тағдырын өзі таңдауға ұмтылған жан  ретінде көрінеді. Бұл қойылымда Төлеген мен Қыз Жібек бейнелері классикалық эпостық сипаттан заманауи мюзикл тіліне көшіп, жаңа қырынан ашылады. «Astana Musical» театры Замира үшін шыңдалу мектебі болды. Бұл мектепте Замира тек қана лирикалық кейіпкерлерді ғана емес, сондай-ақ, аналар галереясының көшін бастады. Аталған сөзімізге, Ж.Пресгювниктің «Ромео-Джульетта» мюзикліндегі Леди Капуллетти бейнесі дәйек бола алады.  Леди Капулетти бейнесі – аналық сезім мен әлеуметтік қаталдықтың қайшылығын көрсететін күрделі образ. Бұл рөлді Замира Сапар сахнада ерекше психологиялық тереңдікпен ашады. Замира-Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының негізін салушылардың бірі.  Жас театрдың шымылдығы М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» драмасымен ашылғанда Замира-Абайдың Жеңгесін нұсқалайды. Замираның музыкалық жас көрерменер театрындағы ерекше бейнелерінің бірі- «CHANEL№5»  деректі драмасындағы Жанбике Шанина бейнесі. Жанбике-Замира тағдыр тепкісіне мойынсұнып жүрген қазақ әйелі. Оның бойынан парасаттылық, тектілік, аналық махаббат пен жарына деген сағыныш жатыр. Замира осыны жете түсінген. Замира-өнер жолында ұстаздары Болат Атабаев пен Асхат Маемировке қарыздар. Ұлағатты жандарына деген құрметі ерекше. Актрисаның көрерменді толғандырар бейнелері әлі алда!

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы

Yorumlar
Diğer Haberler