33 жыл билікте отырған Рахмон 23 мәрте Қытайға сапарлап, "құрметті профессор" атанды

229
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1vLgsqJ57773om61L3brhDyxIqAjWUpIEo50CmIb.jpg

12 сәуірде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин  Пекинге жұмыс сапарымен барған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Тараптар жасыл энергетика, ақылды қалалар, жасанды интеллект, сондай-ақ терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес салаларындағы бірлескен жұмысты талқылады. Қытай көшбасшысы өңірлік тұрақтылықты сақтау үшін бірлесіп әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол Рахмонды Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығымен және мемлекет құрудағы жетістіктерімен құттықтады.

Эмомали Рахмон Тәжікстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің әртүрлі бағыттарда тереңдеп келе жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып, мәдени алмасу дамып келеді. Бұл екі ел халықтарына да пайда әкеліп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Душанбе тарапының Тайвань мәселесіне қатысты ұстанымын растап, Тәжікстанның «бір Қытай» қағидатын берік қолдайтынын жеткізді.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі ел басшысы Қытай Халық Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы «Мәңгі тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа» және «Жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге» қол қойды. Сондай-ақ тараптар партияаралық байланыстар, экономика, сауда, инвестиция, жасанды интеллект, жасыл кен өндірісі және БАҚ салаларын қоса алғанда, оннан астам ынтымақтастық құжаттарына қол қою рәсіміне қатысты. Бұған қоса ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім, тұрғын үй құрылысы, тауар инспекциясы және нарықты қадағалау сияқты салалар бойынша да бірқатар келісімдер жасалды.

Сондай-ақ Тәжікстан президенті  Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында Бейжің университетіне барды. Онда оған осы жоғары оқу орнының "құрметті профессоры" атағы беріліп, салтанатты түрде ғылыми дәрежені білдіретін қола тақта табыс етілді. Университет ректоры Гун Цихуан ғылыми кеңестің шешімін таныстырып, Эмомали Рахмонға "құрметті профессор" атағы «Тәжікстан мен Қытай арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, ғылыми, гуманитарлық және мәдени байланыстарды дамытуға, сондай-ақ су және климат саласындағы жаһандық бастамаларды ілгерілетуге қосқан ерекше еңбегі үшін» берілгенін атап өтті.

Эмомали Рахмонның Қытайға бұл сапары – оның 23-ші ресми сапары. Бұған дейін ол 2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларында ШЫҰ саммитіне және Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысу үшін келген болатын.

2025 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында екі ел арасындағы сауда көлемі 3,5 миллиард доллардан асып, жылдық есепте шамамен 8 пайызға өскен. Екі мемлекет білім және мәдениет салаларында да тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Эмомали Рахмонның Тәжікстанның жоғарғы билігіне келгеніне 33 жылдан асты.  

Yorumlar
Diğer Haberler