Асфальты тозған ауылда Эйфель мұнарасының тұруы — абсурд пен креатив контрасты

92
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yN08857KwiAmP7QOpV9lz4I970LrvY7ZKCoVXfyS.jpg

Мың бала оқитын мектебінің ғимаратынан аптасына жұма намазға ары барса 100 адам жиналатын мешітінің ғимараты зәулім ауылдарға көз үйренді ғой...

Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында биіктігі 30 метрлік Эйфель мұнарасының көшірмесі бой көтеріп жатыр.

 Шұрық-тесік, ойлы-қырлы ауыл жолдарының фонында француз сәулет өнерінің символы орнатылып жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіні жарды. 

Бұл жоба мемлекет бюджетіне иек артпай, жергілікті мектеп түлектерінің демеушілік қаражатына салынуда.

Шын мәнінде, бұл жаңалық жай ғана ақпарат емес, біздің қоғамдағы терең әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар мен жаңа заман тенденцияларының бетін ашқан бірегей феномен.

Алдымен, мәселенің визуалды және мәдени жағына үңіліп көрейік. Даланың ортасында, асфальты тозған ауылда Эйфель мұнарасының тұруы — абсурд пен креативтің шегіндегі ерекше контраст.

Бұл жерге фотосессия үшін баруға бола ма? Әрине, болады.
 Қазіргі трендтер тұрғысынан алғанда, бұл — Инстаграм мен ТикТок үшін таптырмас локация, бағасы «10-нан 10 ұпайлық» дүние.
 Заманауи турист тек әдемілікке емес, ерекше сюжетке ұмтылады. Сапалы жолы жоқ ауылда Париж атмосферасын көру — өз алдына бір мем, әлеуметтік желілерде тез тарайтын вирустық контент.

Дұрыс маркетингтік бағыт берілсе, Жалпақтал ертең-ақ ішкі туризмнің ерекше нүктесіне айналып, айналасына шағын кафелер, демалыс орындары мен жәрмеңкелердің тартылуына түрткі болуы әбден мүмкін.
 Ауылды дамыту кейде дәл осындай күтпеген, символдық жобалардан басталады.

Алайда, мәселенің екінші, неғұрлым прагматикалық қыры бар. 
Бұл жоба қоғамда «форма мен мазмұнның» үлкен қайшылығын тудырады

 Ауыл халқы күнделікті өмірде жол азабын тартып, ауыз су, сапалы медицина мен мектеп мәселесін айтып отырғанда, еуропалық сәулет көшірмесін тұрғызу — сыртқы жылтырға әуестіктің көрінісі сияқты. Тегіс жолы жоқ ауылдағы зәулім мұнара жергілікті проблемаларды шешпейді, керісінше, сол проблемаларды әжуалайтын бейнеге айналу қаупі бар.

 Сырттай қарағанда, сәнді темір құрастырмаға жұмсалған қомақты қаржыны ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасын (компьютерлер, заманауи зертханалар) жаңартуға, заманауи спорт алаңын салуға немесе ең құрымаса сол бұзылған жолдың бір бөлігін тегістеуге бағыттаса, оның пайдасы ұзақ жылдар бойы сезілер еді деген уәж де өте орынды.

Бұл жерде түлектердің ниетіне күмән келтіруге болмайды. Мектеп бітіргендеріне 10, 20 немесе 30 жыл толған азаматтардың туған жеріне естелік қалдырғысы келуі — біздің елдегі өте ізгі, құптарлық дәстүр. 

Оның үстіне, «жолды жөндеу — мемлекеттің тікелей міндеті, ал бұл — жеке адамдардың бастамасы» деген аргумент те салмақты. Демеуші өз қаржысын қалай жұмсайтынын өзі шешуге құқылы.

Бірақ, дәл осы сәтте жергілікті билік пен Қоғамдық кеңестердің үйлестіруші рөлі жетіспейтіні байқалады. 

Мұндай азаматтық бастамалардың әлеуетін босқа жібермес үшін, қоғамдық белсенділер мен әкімдік демеушілермен алдын ала ақылдасып, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал. Егер түлектердің эмпатиясы мен қаражаты ауылдың нақты, өзекті проблемаларымен (мысалы, әлеуметтік нысандарды абаттандыру) ұштастырылса, жобаның тиімділігі еселеп артар еді.

Жалпақталдағы Эйфель мұнарасы — біздің қоғамның бүгінгі бейнесі. Біз бір уақытта әрі әлемдік трендтерге ілескіміз келеді, әрі базалық инфрақұрылымның олқылықтарын тартып отырмыз. 

Батыс Қазақстан даласында шынайы еуропалық атмосфера орнауы үшін тек мұнара тұрғызу жеткіліксіз, ол үшін алдымен еуропалық сападағы жолдар керек. 

Дегенмен, егер бұл нысан жай ғана ескерткіш болып қалмай, айналасына шағын бизнесті шоғырландыратын креативті орталыққа айнала алса, онда бұл қадам өзін-өзі ақтайды. 

Тек, мұнараға барар жолда көлігіңіздің дөңгелегін тесіп жолда қалмасаң болғаны.

Өмір Шыныбекұлы

Yorumlar
Diğer Haberler