Блогер көз жұмған клиникада тағы бір өлім тіркелген

145
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vqVFnqn2q44UJs9bV4RFj801KZQUqZddJJOivHOs.webp

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан қаза тапқан клиникада бұған дейін де өлім жағдайы болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы TengriHealth-қа сілтеп.

Комитет басшысының айтуынша, аталған медициналық мекемеде 2020 жылы да липосакциядан кейін науқастың қайтыс болу фактісі тіркелген. Ол кезде клиника басқа заңды тұлға ретінде тіркеліп, өзге атаумен жұмыс істеген. Жүсіповтің сөзінше, қайғылы оқиғадан кейін клиникаға қатысты тексерістер жүргізіліп, санитарлық рұқсат кері қайтарылған, кейін сот шешімімен мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған.

Алайда кейін мекеме иелері жаңа заңды тұлға тіркеп, қайтадан лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.

«Бұл ақпарат расталады. Ол мекенжайда бұрын басқа атаумен жұмыс істеген клиникада 2020 жылы липосакциядан кейін өлім жағдайы тіркелген», – деді Бауыржан Жүсіпов.

Сонымен қатар ол лицензиялау жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, бұрын лицензияны жергілікті органдар берген болса, кейін бұл функция денсаулық сақтау министрлігіне берілген. 

Қазіргі таңда Қазақстанда пластикалық операция жасауға лицензиясы бар 295 клиника жұмыс істейді. Оның 247-сі – жекеменшік, 48-і – мемлекеттік мекеме.

Айта кетейік, 15 мамыр күні 53 жастағы Сәуле Базархан Алматыдағы пластикалық хирургия клиникасында липосакция жасату барысында көз жұмған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Yorumlar
Diğer Haberler