«Атымды қаралауға жол бермеймін». Шайдоров мәлімдеме жасады

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lvniOVXfp6WZQPQYcx7NVNJcKCPJfXh4nMdlf892.webp

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның үздік спортшысы, қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Threads әлеуметтік желісінде жанкүйерлеріне үндеу жасап, өзіне қатысты соңғы кезде тараған даулы ақпараттарға пікір білдірді. Ол желіде айтылған бірқатар мәліметтерді жоққа шығарып, жағдайға қатысты өз ұстанымын ашық айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Алдымен спортшы қиын сәтте қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі жылы лебіздер мен жеке хаттар үлкен демеу болған.

«Барша қазақстандыққа қолдаулары мен бейжай қарамағаны, әлеуметтік желілердегі көптеген жазбалары мен жылы лебіздері жазылған жеке хаттары үшін алғыс айтқым келеді. Жалған ақпараттар ағынына ермей, маған сенім артқандарыңыз үшін рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды», – деп жазды спортшы.

Спортшы кейбір түйткілді мәселелердің тек қоғам талқысына шыққанда ғана шешілетініне өкініш білдірді. Ол ешқандай мемлекеттік органмен текетіреске түскісі келмейтінін, бірақ өз абыройын қорғауға дайын екенін ашық айтты.

«Кейбір мәселелерді көпшілікке жария етпейінше, шешу мүмкін емес екеніне, шын мәнінде, өкінемін. Қандай да бір органдармен есеп айырысып, айтысқым келмейді, бірақ менің атымды көпшілік алдында қаралауға жол бермеймін», – деді Шайдоров.

Спортшы соңғы уақытта қызу талқыланған «спорт шебері» куәлігіне қатысты да түсінік берді. Оның айтуынша, тиісті норматив орындалғанымен, ресми құжат әлі күнге дейін берілмеген.

Бүгінге дейін спортшыға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігі берілмеген. Шайдоров бұл жоғары нормативті 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде еншілеген кезде-ақ орындап қойған. Құжаттарды рәсімдеуге қажетті барлық процедурадан уақытылы өткенімен, куәлікті әлі күнге дейін қолына алмаған.

Шайдоров өзіне өмірінің соңына дейін төлем тағайындалғанын спорт министрлігі басқаша жеткізіп жүргенін, төлем 20 жылдық еңбек өтілінен кейін ғана тағайындалатынын атап өтті. Спортшының жасы бүгінде 21-де.

Олимпиада чемпионы жаңа келісімшарттың талаптарын талқылау үшін өзіне мамыр айының ортасында ғана хабарласқанын, оның мерзімінің созылуы сома немесе келгісі келмегеннен емес, заңнамалық мәселеге байланысты екенін атап өтті.

«2026 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада медаль жеңіп алу туралы міндеттеме көрсетілген. Біз командамызбен заң тұрғысынан осы тармақты қайта қарауды ғана сұрадық. Өйткені бұл қисынсыз әрі мүмкін емес нәрсе. Мен 2026 жылы тұрып, тек 4 жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұтып ала алмаймын ғой. Біз бұл сұрақтарды заңгерлерге жолдап, осы тармақты қайта қарауды өтіндік, бірақ БАҚ-та айтылып жатқандай, осы уақытқа дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ», – деді. Ол төлемдерді жасау мен келісімшартқа отыру мәселелері министрлік тарапынан әдейі созылып отыр деп санайды.

Шайдоров 5 маусымға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны министрлік тарапынан еленбей отырғанын жеткізді.

«Бірнеше рет қоңырау шалдық, сметаларды жібердік, бағдарламаны қоюға ақша төлей ала ма, оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыра ма, билеттерді сатып алып бере ме деп сұрадық. Алайда бұған ешқандай нақты жауап та болған жоқ, сәйкесінше, ұшуымызға бір апта қалса да, бүгінгі күнге дейін жиындарды ұйымдастыру шаралары жасалмады», – дейді чемпион.

Спортшы егер уәде етілген қаржылай қолдау берілсе, оны өз есебінен дайындыққа жұмсайтынын, мәселені көпшілікке шығаруға мәжбүр болмайтынын жеткізді. Сонымен бірге ол болашақта қолдау болса, қаражаттың бір бөлігін балаларға көмектесуге бағыттайтынын да айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров Тимур Балымбетовке берген сұхбатында 5 айдан бері айлық алмағанын айтқан еді. Артынша министрлік бірден түсініктеме берді

Yorumlar
Diğer Haberler