Министрлік Шайдоровқа қатысты дау шешілгенін айтты

523
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6AmrpI1CCBFgvrWHQeZzNkCQTcGTWwnehL5TdL57.jpg

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты туындаған жағдай туралы ресми мәлімдеме жасап, келісімшарт мәселесінің толық шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, келісімшарт қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес рәсімделіп, оның барлық тармағы жан-жақты талқыланған.

«Михаил Шайдоров – отандық спорттың мақтанышы, өз есімін ел спортының тарихына алтын әріптермен жазған саңлақ. Біз оны әрдайым қолдаймыз және халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп, биік жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.

Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан келісімшарт мәселесіне тоқталсам, бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды. Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады. Алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленеді»,–деді ол.

Сондай-ақ Серік Жарасбаев спортшының 5 маусымда жаңа маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін АҚШ-қа аттанатынын жеткізді.

«Тағы бір айта кететін жайт, 5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз. Сонымен қатар елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде де пікір алмасамыз»,– деп түсіндірді вице-министр.

 

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler