Эверестке шыққан ауған әйелі әлемді қыздардың білім алу құқығын қорғауға шақырды

301
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aityupdD12Q4uIjxa6JzqcanxeehglVPHJ3Em3xB.jpg

Эверестті бағындырған алғашқы ауған әйелі, Австралияда тұратын босқын, хазаре қауымынан шыққан Закия Ахмад шыңды бағындырғаннан кейін Ауғанстандағы әйелдер мен қыздардың жағдайына қоғам назарын аудару және қаражат жинау жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі fergana.news-ке сілтеме жасап.

Ол әлем жұртшылығын тәліптер билікке қайта келгеннен бері бес жылға жуық уақыт бойы орта және жоғары білім алуға тыйым салынған ауған әйелдері мен қыздарын қолдауға шақыруда.

Amu TV арнасының хабарлауынша, Закия Ахмад халықаралық қауымдастықты «сырттан бақылап отырмауға» және құқықтары жүйелі түрде бұзылып жатқан ауған әйелдерінің үні болуға үндеген. Сондай-ақ Германияны қоса алғанда, Еуропадағы ауған белсенділері мен диаспора өкілдері Ауғанстанда қыздарға арналған мектептер мен жоғары оқу орындарын қайта ашуды талап етіп жатқанын атап өткен.

Закия Ахмад жас кезінде тәліптердің шабуылынан аман қалып, кейін босқын мәртебесін алған.

Ахмадтың айтуынша, оның мақсаты – жеке жетістік арқылы ауған әйелдері мен қыздарын жігерлендіріп қана қоймай, нақты өзгерістерге қол жеткізу үшін ресурстар мен халықаралық назарды жұмылдыру. Ол әйелдер құқықтары мәселесін босқындық тәжірибесімен және психикалық денсаулық тақырыбымен байланыстырып, білімнен айыру, соғыс және мәжбүрлі көші-қон ауған әйелдерінің тұтас буынына ауыр психологиялық зардап келтіргенін атап өтті.

Еске салайық, альпинист әлемдегі ең биік шыңға 21 мамыр күні таңертең көтерілген. Ахмад бұған дейін Франциядағы Монблан, Үндістандағы Нандадеви шыңдарын және Ауғанстанның теңіз деңгейінен 7402 метр биіктіктегі ең биік шыңы Наушахты да бағындырған.

Rukhshana Media және Gowharshad Media мәліметінше, ол бұл экспедицияны ауған қыздарының білім алу құқығы мен әйелдер құқықтарын қорғауға бағытталған ұзақмерзімді науқанның бір бөлігі ретінде жоспарлаған. Ахмад 2025 жылдан бастап арнайы дайындық жүргізіп, GoFundMe платформасында қаражат жинау науқанын бастаған.  Ол Эверестке «әйелдердің бостандығы, білім алу құқығы және психикалық денсаулық үшін», сондай-ақ «тәліптер билігі кезінде мектепке бару мүмкіндігінен айырылған Ауғанстан қыздарының атынан» көтеріліп жатқанын мәлімдеген.

Yorumlar
Diğer Haberler