Астанада «BaiQymyz-2026» халықаралық гастрофестивалі өтеді

238
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Rj1BFtkGO4BH5IG53qwGnxNnFwNFrOHMIQpCaURN.jpg

Биыл 11-12 шілде күндері Астана қаласында «Қазанат» ипподромында қазақтың асыл сусыны қымызға арналып, «BaiQymyz – бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты халықаралық ірі көлемдегі мәдени-аграрлық іс-шараның өтуі жоспарлануда. Аталған фестиваль халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге ілгерілетуге бағытталған.

Шараға 60-70 мың адам келеді деп жоспарлануда. Еліміздің әр өңірінен және Қырғыз мемлекеті мен Ресей федерациясынан (Саха) 60-қа жуық қымыз өндіруші қатысады. Фестиваль Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналуы көзделіп отыр.

Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, жылқы тұқымдары таныстырылатын көрмені тамашалап, этно-мәдени
бағдарламаларға қатыса алады. Фестивальдің басты ерекшелігі - халықаралық деңгейдегі «Ең үздік қымыз» байқауы. Жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрайды. Сайыс аясында «BaiQymyz-2026», «Ем қымыз» және «Халық таңдауы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар, арнайы кубоктар мен бағалы марапаттар табысталады. Ал бас жүлде алған жеңімпазға автокөлік сыйға беріледі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестиваль аясында қазақтың жабы, мұғалжар, қостанай, көшім және адай секілді ұлттық жылқы тұқымдарының көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар асыл тұқымды
жылқылар аукционы өткізіліп, 30-ға жуық жылқы сатылымға шығарылады. Қонақтарға ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі
ұсынылады. Онда зергерлік бұйымдар, былғары және ағаштан жасалған туындылар, сондай-ақ ат-әбзелдері мен жылқы мәдениетіне қатысты бұйымдар таныстырылады.

Фестиваль аясында Қазақстанның танымал қылқалам шеберлерінің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Сембигали Смағұлов, Геймран Баймұханов, Дәурен Қастеев сынды белгілі суретшілер қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар көрме барысында өнер туындыларының арнайы жабық форматтағы аукционы өткізіліп, келушілер қазақстандық суретшілердің бірегей шығармаларымен танысуға мүмкіндік алады.

Мәдени бағдарлама аясында Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары өнер көрсетеді. Көрермендер Sadraddin, Қазыбек Құрайыш, Ғазизхан Шекербек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, Жұбаныш Жексен, Қайрат Баекенов пен «Format» тобы, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина және басқа да өнер иелерінің концертін тамашалай алады.

Сонымен қатар фестивальде көкпар, аударыспақ, қыз қуу, ерлер және әйелдер бәйгесі, тазылар жарысы, балалар Rodeo-сы, шөген (polo), ат үстіндегі квиддич, конкур және басқа да ұлттық әрі заманауи спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Ұлттық руханиятты насихаттау мақсатында арнайы кітап көрмесі де өтеді. Көрмеде жылқы шаруашылығы, қымыз өндіру, ұлттық тағамдар, көшпенділер өркениеті, этнография және балалар әдебиеті бағытындағы
кітаптар ұсынылады.

«BaiQymyz-2026» гастрофестивалі – қымыз мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, жылқы шаруашылығын дамытуға және Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірегей жоба.

Yorumlar
Diğer Haberler