Қоқысқа толған жер телімдерінің иелерін экологтар, жер ресурстары саласының мамандары және құқық қорғау органдары тексереді

185
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7BlIGnZKSi07UF8FiJ7vyVZTCnEiz7c03UQMEzWY.jpg

Іле ауданы аумағында «ECOBUS QK» ЖШС, «Gold Terra Expedition» ЖШС, сондай-ақ жекелеген жеке тұлғалардың меншігіндегі бірқатар жер телімдерінде ұзақ уақыт бойы құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастау фактілері тіркеліп келеді.

Аталған мәселеге байланысты жақын маңдағы елді мекен тұрғындары жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет жүгінген. Тұрғындар аумақтың санитарлық жағдайына және стихиялық қоқыс орындарының қоршаған ортаға кері әсеріне алаңдаушылық білдіруде.

Жер телімдерін тиісті санитарлық жағдайда ұстау – меншік иелері мен жер пайдаланушыларының міндеті болғанына қарамастан, Өтеген батыр ауылдық округі әкімдігі тарапынан салдарын жою бойынша бірнеше рет шаралар қабылданды. Соңғы уақытта арнайы техниканың көмегімен аумақты тазалау және қоқысты шығару жұмыстары кемінде үш мәрте ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, жер телімдерінің меншік иелеріне стихиялық қоқыс орындарын жою және аумақтарды жер, экологиялық және санитарлық заңнама талаптарына сәйкестендіру қажеттігі туралы ресми хабарламалар жолданды. Бұдан бөлек, тиісті материалдар Алматы облысының Экология департаментіне, Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне, прокуратура және полиция органдарына тексеру жүргізу және өз құзыреті шегінде шаралар қабылдау үшін жолданды.

Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп қосымша бақылау тетіктері пысықталуда. Атап айтқанда, стихиялық қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтар мен кіреберіс жолдарға бейнебақылау құралдарын орнату мәселесі қарастырылып жатыр.

Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабековтің айтуынша, негізгі мақсат – тек салдарын жою емес, өз жер телімдерін күтіп-ұстау бойынша шара қабылдамайтын меншік иелерінің, сондай-ақ қалдықтарды заңсыз төгетін тұлғалардың жауапкершілігін қамтамасыз ету.

«Біз барлық қажетті материалдарды құзырлы органдарға жолдадық. Жер телімдерінің қоқысқа толуына жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тартуға күш саламыз. Әр адам қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, ең алдымен өзінен бастауы керек. Бұл тұрғындарға да, жеке ұйымдарға да қатысты. Біз осы мәселені «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тұрақты түрде көтеріп келеміз», – деді Димаш Қожабеков.

Әрбір анықталған құқық бұзушылық фактісіне құқықтық баға беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаларға заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.

Yorumlar
Diğer Haberler