Тектің төркіні – тұтастық. Мүмкіндік бар – ілкімдік жоқ

204
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/s1XOuIZhUySXzUaWGRsaELpJimdcNlrPARpIkum8.jpg

Елде текті өзгерту отарсызданудың маңызды қадамы ретінде айтылғанымен, ол қарқын алып кеткен жоқ. Биыл соған мүмкіндік беретін жарлыққа 30 жыл толған кездегі көрініс қандай?

Соңғы екі жылда Қазақстанда ерекше үрдіс байқалды. Көптеген азаматтар, оның ішінде депутаттар, министрлер мен қоғам белсенділері тектеріндегі «-ов», «-ев», «-ин» сияқты орысша жалғаулардан бас тартып, аты-жөндерін қазақы үлгіге көшіруде.

Орта есеппен 2024 жылы Қазақстанда 12 мың адам атын, әкесінің атын немесе тегін өзгертіп, қазақшалаған. Халқы 20 миллионнан асатын елде титулды ұлт үшін бұл аса көп емес.

Дегенмен бұл мәселе ара-тұра әлеуметтік желілерде де кең талқыланып қалады. Тіпті аты-жөнін қазақшалаған азаматтар арнайы челлендж бастап, өзгелерді де осы қадамға шақыратын кездері де кездеседі.

ТЕКТІ ҚАЗАҚШАЛАУ ҰРАН БА, ҚҰРАЛ МА?

Тегін алғашқылардың бірі болып өзгерткендердің қатарында Мәжіліс депутаттары Ринат Зайыт пен Мақсат Толықбай бар. Олар тегін ұлттық үлгіге ауыстырғанын көпшілікке жариялап, өзгелерге үндеу жасаған.

Қазір мемлекеттік қызметтегі көптеген танымал тұлғалардың есімі қазақы нұсқада жазылады. Олардың қатарында бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бар.

Өңір басшылары арасында да бұл үрдіс кеңтараған. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстауоблысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Абай облысының әкімі Берік Уәли секілді басшылардыңтегі ұлттық нұсқада рәсімделген.

Мәжіліс пен Сенат депутаттарының арасында да қазақы үлгідегі тектер саны артып келеді. Айдос Сарым, Дархан Қыдырәлі, Мұрат Қадырбек, Аманжол Әлтай, Ислам Сұңқар, Нұргүл Тау, Қазыбек Иса, Гүлдара Нұрым, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек, Жарқынбек Амантай, Данабек Исабек, Ерболат Бәпи, Кенжеғұл Сейітжан, Ерболат Сатыбалды, тағы өзге де депутаттардың аты-жөні мандатта қазақша жазылған.

ТЕГІН «МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ» ӨЗГЕРТКЕНДЕР ДЕ БАР

Текті өзгертуге тек ұлттық сана емес, саяси жағдайлар да ықпал еткен кездер болған.

Соның бірі - бұрынғы мәдениет және ақпарат вице-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының оқиғасы. Ол кезінде Арыстанбек Әлиев болған. Алайда экс-шенеунік 2008 жылы тегін өзгертіп, әкесінің атына көшті.

Кейін берген сұхбаттарының бірінде ол бұл шешімге Рахат Әлиевтің айналасындағы саяси оқиғалардың әсер еткенін жасырмаған. Оның айтуынша, көпшілік өзін Рахат Әлиевтің туысы деп ойлап, мансаптық өсуін сонымен байланыстыратын болған.

«Бұрын көпшілік маған саусағын шошайтып, "Рахат Әлиевтің туысы емеспін бе, мансаптық өсуіме сол себеп болған жоқ па?" деп сұрайтын. Әрине, 2007–2008 жылдардағы саяси оқиғалар тегімді өзгерту үдерісін жеделдетуге мәжбүр етті. Құжаттарды паспорт бөліміне бір жыл бұрын тапсырғанмын. Енді мен – Арыстанбек Мұхамедиұлымын», - деп түсіндірген «Время» газетіне берген сұхбатында.

Сол кезеңде Рахат Әлиевтің есімімен байланысты тағы бір өзгеріс ақпараттық кеңістікте байқалды. 2009 жылдың 1 қыркүйегінде республикалық «Рахат» телеарнасы атауын өзгертіп, СТВ болып қайта құрылды. Ресми түсініктемеде бұл шешім арнаның елордамен байланысын күшейту мақсатында қабылданғаны айтылды. Яғни, телеарна өкілдері «СТВ – Столичное телевидение» деп түсіндірген еді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Орталық Азия елдерінің арасында Тәжікстан басшысы алғашқы болып тегіндегі орысша жалғаудан бас тартқан.

2007 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз тегіндегі «-ов» жалғауын алып тастап, ұлттық нұсқаға көшті. Ол бұл қадамын тәжік мәдениетін жаңғыртуға бағытталған бастаманың бір бөлігі ретінде түсіндірді және халықты да ұлттық дәстүрге сай есімдерді қолдануға шақырды.

Орталық Азиядағы барлық басшылар мұндай шешім қабылдаған жоқ. Мысалы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз тегін бұрынғы қалпында қалдырды. Ол билікте болған кезде берген  сұхбаттарының бірінде мұны халықаралық құжаттар, келісімдерге «Назарбаев» нұсқасында қол қойып келгендіктен, орта жолда тегін өзгерте алмайтынын айтқан.

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та тегін өзгертпегенімен, бұрын «Қасымжомарт» болып жазылып келген есімін шамамен 2000 жылдардан бері «Қасым-Жомарт» түрінде жазатын болған.  
Сурет: facebook.com/cemil.hasanli

Сурет:facebook.com/cemil.hasanli

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МҮМКІНДІК ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

Тектерді қазақшалау кейінгі жылдардың жаңалығы емес. Шын мәнінде, мұндай құқық қазақстандықтарға осыдан 30 жыл бұрын берілген.Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев сол үшін арнайы жарлыққа да қол қойған.

1996 жылғы 2 ақпанда «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» арнайы жарлық қабылданды. Құжатқа сәйкес, қазақ ұлтының өкілдері тегіндегі қазақ тіліне тән емес жалғауларды алып тастауға немесе қазақы нұсқаға өзгертуге құқылы.

Ең маңыздысы – текті өзгерту азаматтың бұрын алған құқықтары мен міндеттеріне ешқандай әсер етпейді. Бұл «Ұлты қазақ азаматтардың тегi мен әкесiнiң атын жазуға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi туралы» жарлықтың 3-бабында көрсетілген.

ТЕГІҢІЗДІ ҚАЗАҚШАЛАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Текті не әкесінің аты-жөнін қазақшалау рәсімі бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл.

Алдымен тұрғылықты жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аты-жөнді өзгерту туралы өтініш беруі керек.

Өтінішті тіркеу үшін мемлекеттік баж төленеді. Одан кейін жаңа жеке куәлік рәсімделеді. Құжаттардың дайындалу мерзімі әдетте 15 жұмыс күнін құрайды.

Қажет болған жағдайда жеделдетілген қызметті де пайдалануға болады. Мұндай жағдайда құжат бір не үш жұмыс күні ішінде дайын болады.

Сымбат Наухан

Yorumlar
Diğer Haberler