Әскери қызмет кезінде "ауыр жарақат алды" делінген Ербаян Мұхтар қайтыс болды

502
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2h4JnQ66C3j4W8VOLEqfo0kcTfwP5vNf1hy1l967.jpg

Әскери қызмет барысында ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы ем қабылдаған Ербаян Мұхтар қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл ақпаратты оның анасы Гүлсім Қамиева журналистерге хабарлаған. БАҚ дерегінше, отбасының заңгері ақпаратты растаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Ербаян Мұхтар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында көз жұмған.

Айта кетейік, ол 2024 жылы Алматы қаласындағы №5571 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылған. Қызмет барысында бас-ми жарақатын алып, кейін бірнеше ай бойы комада жатқан.

Ресми нұсқа бойынша, сарбаз әскери бөлім аумағындағы әжетханада құлап, жарақат алған. Алайда оның жақындары бұл түсіндірмеге күмән келтіріп, оқиғаның толық әрі әділ тергелуін талап еткен.

Дәрігерлер Ербаян Мұхтарға мидың ауыр контузиясы, субдуральды гематома, бас сүйегінің сынуы және ми ісінуі диагноздарын қойған. Ол бірнеше күрделі отадан өткеніне қарамастан, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

21 жастағы Ербаян Мұхтар әскерге шақырылғанға дейін жоғары оқу орнында білім алып, футболмен айналысқан. Жақындарының айтуынша, оның болашаққа қойған жоспарлары көп болған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Yorumlar
Diğer Haberler