30 маусымда Шуша қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дін істеріне жауапты мемлекеттік органдары басшыларының алғашқы кездесуі аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
AZƏRTAC агенттігінің мәліметінше, кездесу қорытындысы бойынша құрылымдар арасындағы ынтымақтастықтың институционалдық негіздері мен алдағы бірлескен қызметтің негізгі бағыттарын айқындайтын 11 тармақтан тұратын коммюнике қабылданған.
Құжатта түркі мемлекеттеріндегі мемлекет пен дін арасындағы қатынастардың зайырлылық қағидаттарына негізделген даму ерекшеліктері көрініс тапқан. Сондай-ақ діни саладағы тәжірибе алмасуды кеңейту, діни білім беру бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, жастарды ұлттық-рухани құндылықтармен тәрбиелеу, отбасы институтын нығайтудағы әйелдердің рөлін арттыру және цифрлық ақпараттық ортада діни ағартушылық жұмыстарды күшейту мәселелері қамтылған.
Бұдан бөлек, Әзербайжанның оккупациядан азат етілген аумақтарындағы тарихи-діни және мәдени мұраны қалпына келтіру ісіне қолдау білдірудің маңызы атап өтілген.
Кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы мен жасалған жағдайлар үшін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс білдірілді.
Кездесу соңында келесі басқосуды 2027 жылы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды.
